Бірінші жартыжылдықта межеленген міндеттер толығымен орындалды

ТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қысқа мерзімді демалыстан кейін қызметіне қайта кіріскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Ақордада еліміздің 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне арналған жұмыс кеңес өткізді.

Бірінші жартыжылдықта межеленген міндеттер толығымен орындалды

Онда бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылдың болжамдары туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған үкіметтің бірқатар мүшелері Мемлекет басшысына есеп берді.

Алқалы жиынды ашқан Мемлекет басшысы осы жылдың 6 айында еліміздің экономикасы 7,1 пайызға өскендігін, индустриялық бағдарлама аясында 50-ден астам өндіріс іске қосылып, соның арқасында 160 мың адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілгендігін атап өтті. Сонымен қатар Президент жаһанды жайлаған дағдарыстың салдарынан Америка Құрама Штаттарында, Еуропа елдерінде, басқа да аймақтарда көптеген мемлекеттердің қарыздарынан құтыла алмай жатқандығын айта келе: «Сондықтан барлық жерлерде бюджеттік қаражат қысқарып, жалақы мен зейнетақы көлемі азайып жатқан кезде, біз 1 шілдеден бастап бюджеттен қаржыландыратын азаматтардың жалақысын 30 пайызға көбейттік. Жалпы, дағдарыс уақытысында біз оны екі есеге көбейттік. Халықаралық қорларымыз да өсіп келеді. Соған қарамастан, дүниежүзілік экономикада қауіп-қатерлер аз емес. Биылғы жыл - біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Біз оны қалай өткізіп, қалай аяқтаймыз? Биылғы егіннің ахуалы жаман емес. Бір жарым жылдық жемшөп қорын жинауға болады. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Егінді жинауға дайындық қалай? Қысқы маусымға дайындық қай деңгейде? Міне, осы мәселелерді талқылауымыз керек, - деді.

Осыдан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз алып, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқандығы жайлы баяндап берді. Үкімет басшысының атап өтуінше, Ішкі жалпы өнім көлемі бірінші жартыжылдықта 9,5 триллион теңге немесе 65 миллиард АҚШ долларын құрап, мемлекеттік бюджет кірісі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28 пайызға өскен. Бұл салық түсімдерінің артқандығын және экономиканың өскендігін көрсетеді. Бірінші жартыжылдықтағы мемлекеттік бюджет тапшылығы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге жуық немесе 44 пайызға қысқарып отыр. Айта кетерлігі, 2011 жылы республикалық бюджет қаржылары негізінен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын, «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларын және Үкіметке жүктеген міндеттерден туындайтын мәселелерді шешуге бағытталуда.

Еліміздің қаржылық саласындағы ахуал да оң сипатқа ие болып отыр. Нақты айтар болсақ, екінші деңгейлі банктердің активтері жыл басынан бері 2,5 миллиард АҚШ долларына немесе 360 миллиард теңгеге, яғни 3 пайызға өсіп отыр. Бұл өткен жылғы қаржы саласындағы ахуалды ескере келгенде өте жақсы көрсеткіш. Халықаралық резервіміз де 2011 жылдың 6 айы ішінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 37,7 пайызға артып, 73 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде шетел валюталары есебіндегі Ұлттық қордың активтері 38,5 миллиард АҚШ долларын құрап, 45 пайызға артты.

2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында Кеден одағы жұмыс істей бастағаны белгілі. Бастапқыда бұған қарсы шығып, еліміз үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіздіктердің өте көп болатындығын айтып, «айқайға аттан» қосып, ертоқымын бауырына алып тулағандардың да қарасы көп болғаны рас. Ал қазіргі уақытта үш ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың Қазақстанға берері бар екендігіне көз жетіп отыр. Үкімет басшысының алға тартқан деректеріне көз жүгіртсек, тек өткен 5 айдың қорытындысы бойынша ғана Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 40 пайызға артқан. «Кеден одағының 5 ай ішіндегі жұмыс қорытындысы өте тиімді нәтижелер беріп отырғандығын Сізге ерекше атап көрсеткім келеді. Біздің өнімдеріміздің экспорты Ресей Федерациясына 60 пайызға, Белоруссияға 2,3 есеге артты. Басқаша айтқанда, бұл Қазақстан кәсіпкерлері үшін өз өнімдерін ешқандай кедергісіз экспортқа шығару үшін үлкен мүмкіндік екендігі даусыз. Бұл үдерістің нақты тиімділіктері бар», - деді К.Мәсімов. Оның сөзіне қарағанда, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау салаларында да жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр, жылыту мау­сымына дайындық жоғары деңгейде әрі отын­мен қамту жө­нінде қа­зіргі уақытта айтарлықтай проблема туындап отырған жоқ.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Мемлекет басшысына ағымдағы жылғы егіс науқаны жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. «Қазақстанның астық егетін негізгі аймақ­та­рын­дағы агрометеорологиялық жағ­дай қолайлы қалыптасып отыр. Ылғалмен қамтамасыз етілу жағ­дайы өте жақсы. Оңтүстік Қазақ­станда орақ науқаны басталып, ол 22 пайызға жүзеге асты. Орташа түсім гектарына 14,7 центнерден айналуда. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда бұл 0,5 центнерге көп. Тауар өндірушілердің бәрі жанар-жағармай материалдарымен қам­та­масыз етілді. Техникалық даяр­лық жоғары деңгейде - 92 пайыз, бұл өткен жылғыдан 6 пайызға көп», - деді министр.

А.Мамытбеков жіті тоқталған тағы бір мәселе - мал азығы болды. «Қыстың қамын жаз ойла», демекші, етті ірі қара мал басын көбейту бағытында ауқымды шараны қолға алған еліміз үшін жем-шөп мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Өйткені, қазірдің өзінде елімізге 10 мың бас асыл тұқымды ірі қара елге алып келінсе, ағымдағы жылы тағы да 10 мың бас ірі қара мал әкелу көзделіп отыр. Жалпы мемлекет қолға алған бұл бағдарламаны толыққанды жүзеге асыру үшін 130 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру қажет етіледі. Дегенмен, оның жыл сайынғы табысы да өте жоғары болып, миллиардтаған доллар кіріс әкелетін болады. Мал азығы мәселесіне қайта оралар болсақ, министрдің атап өтуіне қарағанда, шөп шабу, жем-шөп дайын­дау өте жақсы жүріп жатыр. Мал шаруашылығы бағдарламасы талап ететін шөп пен пішендеме көлемі ағымдағы жылы тіпті бір жарым жылдық қор көлемінде жасап алуға мүмкіндік бар. Демек, ерінбей еңбек етуге белін бекем буған шаруа иелеріне қолындағы малын қыстан қысылмай шығару үшін мол жем-шөп жинап алуға мол мүмкіндігі бар.

Аз жылдың ішінде әлемдік астық нарығынан ойып тұрып орын алған Қазақ елі бидайын экспорттаудан Ресей мен Украинадан кейінгі 3-орынды иеленсе, соңғы жылдары ұн экспорттаудан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ағымдағы жылы да елімізге осы үдеден шығуға мол мүмкіндік бар. Оған ағымдағы жылғы ауа райы да оң септігін тигізіп отыр. «Егін орағы ылғалды күз жағдай­ында өтеді деп күтілуде. Қазір астық қабылдау кәсіпорындарын, соның ішінде астық кептіру жабдықтарын дайындау жұмыстары­мен қарқынды айналысудамыз. Кейбір солтүстік облыстар мен аудандарда астық қабылдау пункттерінің сыйымдылығына деген тап­шылықтың бар екенін ескере оты­рып, біз астықты Аргентина мен Канададағы сияқты полимер қапшықтарда сақтау технологиясын кеңінен таратпақпыз. Бұл - жаңа технология, өте арзан әрі қол­же­тімді. 2009 жылы ол алғаш рет қолданылды да. Сонымен бірге барлық қырмандарды, астық қабылдау кәсіпорындары мен басқа да қуаттарды, астық кептіргіштерді инвентаризациядан өткізіп, астық қабылдауға дайындаудамыз», - деді А.Мамытбеков.

Алқалы жиынның қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақ­ты тапсырмалар берді. «Үкімет қойылған міндеттерді шешіп келеді, бағдарламалар орындалуда, сондықтан қалған уақыттағы міндетіміз -Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын лайықты қарсы алу жөніндегі барлық жоспарларды орындап және мерейтойға табыстармен келіп, барлық осы мәселелер бойынша қазақстандықтарға мәлім етуіміз керек», - деп қадай айтты Президент.

Елбасы діни-экстремистік құбылыстарды анықтау және оларға дереу үн қату жөнінде тапсырма берді

Айналдырған 2-3 айдың көлемінде дін атын жамылған басбұзарлар ел ішін алатайдай бүлдірмесе де ішкі істер органдарын, Ұлттық қауіпсіздік комитетін айтарлықтай әуреге салған еді. Ақтөбенің қақ ортасындағы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіндегі жарылыстан кейін аз уақыт өтісімен, Астанада да жарылыс болды. Араға аз уақыт салып дін атын жамылған қаскүнемдер Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарши ауылында ішкі істер органының 2 бірдей қызметкерін атып кеткен болатын. Оқиғаның одан әрі қалай өрбігені көзі қарақты оқырманға белгілі.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіне діни саладағы тұрақтылықты нығайту жөніндегі іс-шаралар туралы мәселе шығарылды. Елбасы мәжілісте сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдары қазақстандықтардың бірлігінің, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудың, саяси тұрақтылықтың арқасында ел экономикасы сенімді дамып келе жатқанын, Қазақстанның дін бостандығын жария еткен зайырлы мемлекет екендігі, бірақ бұл - билік органдары діни саладағы қатынастарды үйлестіруден сырт қалады деген сөз емес екендігі атап көрсетті. Ел ішінде діни-экстремистік идеология элементтерінің таралуының, конституциялық құрылысты құлатуға бағытталған, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын ашық акциялардың жолын қатаң кесу керектігі айтты. Осыған орай Елбасы, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдарға діни-экстремистік құбылыстарды анықтау және оларға дереу үн қату жөнінде қадау-қадау тапсырмалар берді.