13:13, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Бірқатар облыстардың тұрғындары өз аймақтарындағы учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына наразы ? Б.Қожахметов
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ішкі істер министрі Әкімшілік полиция комитеті мен Заң департаментіне учаскелік полиция инспекторларын тағайындауды дауыс беру арқылы іске асыру шарасын қарастыруды тапсырды.

Бұл учаскелік полиция инспекторларының тұрғындар алдындағы жауапкершілігі мен жұмыс сапасының артуына ықпал ететін жүйелі шара», - дейді Ішкі істер министрлігінің Ақпарат және тіл саясаты департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Б.Қожахметовтың сөзіне қарағанда, учаскелік инспекторлар қызметінің жұмысына баға беретін азаматтар негізінен тәртіп сақшысы қызмет ететін аймақтың тұрғындары. «Сондықтан осыдан екі жыл бұрын учаскелік полиция қызметкерлерінің тұрғындар алдында есеп беру тәжірибесі енгізілген болатын. Осыған орай өткен жылы 33 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылыпты. Оған ішкі істер саласының аймақтық органдарының қызметкерлері мен ауыл әкімдері, қоғам өкілдері қатысты. Онда учаскелік полиция қызметіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланып, оның барысында тәртіп сақшыларына тұрғындар тарапынан 20 мыңға жуық ұсыныстар мен ескертпелер айтылды. Олардың барлығы да жұмыс барысында ескерілді», - деді департамент бастығы. Тұрғындар ұсыныстарының 20 пайызға жуығы қоғамдық тәртіпті қадағалауды жетілдіруге қатысты болған. Сонымен қатар оларды жол полициясы мен көші-қон және қылмыстық полиция қызметкерлерінің жұмыстары да толғандыратын болып шықты. «Жұртшылықты бұған қоса есірткінің жағдайы да алаңдатып отырған көрінеді. Көпшіліктің ұсыныс, пікірлері негізінде бірқатар шаралар атқарылды. Ал учаскелік инспекторлардың барлығының жұмысына жұртшылық тарапынан қанағаттанарлық деген баға берілді. Тек 5 учаскелік полицейдің жұмысы ғана сын көтермеді. Олардың екеуі Жамбыл облысының тәртіп сақшылары да, қалғандары Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынікі», - деді министрлік өкілі.