Бірлескен қимылдардың маңыздылығына жыл өткен сайын көзіміз жете түсуде– А. Мамытбеков

АНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін елордада басталған IV Астаналық экономикалық форумға әлемге әйгілі экономист ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысып, экономика саласында қордаланып қалған түйткілді мәселелерді талқылады және оларды шешу жолдарын ұсынды.

Бірлескен қимылдардың маңыздылығына жыл өткен сайын көзіміз жете түсуде– А. Мамытбеков

Мінбеге шығып сөйлеген баяндамашылардың айтқандарынан дәстүрге айналған Астаналық экономикалық форумның маңызы жаһандық экономикадағы ахуал күрделеніп бара жатқан мына заманда тіптен ұлғая түскендігі аңғарылды.

Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Дүниені дүрліктіріп, әбігерге салған әлемдік қаржы дағдарысы, мұнай мен азық-түлік бағасының мың құбылуы, жер бетінде болып жатқан түрлі табиғи апаттардың салдары әлемдік экономикада онсыз да жетіп артылатын мәселелерді одан әрі ушықтыра түскендей. Бір анығы - күн өткен сайын бір-бірімен интеграцияланып, бір-бірімен тығыз байланысқа түскен әлемде бұл мәселелерді жападан-жалғыз шешу мүмкін емес. Бұл баршаға мәлім жәйт. Осыған қарай форумға қатысушылар да экономика саласында қордаланған мәселелерді бірнеше бағыттарға бөліп қарастырды. Олардың ішінде соңғы уақытта әлем елдерінің ерекше назарын аудартып отырған өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі - азық-түлік қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады.

Азық-түлік мәселесінің жыл сайын күрделеніп бара жатқандығын форумға қатысушылар да мойындайды. Шетелдіктердің пікірлерінше, кең байтақ жері бар, табиғи ресурстарға аса бай Қазақстан бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі саласында қалыптасқан мәселелерді шешуге қауқарлы мемлекеттердің бірі. Қазақстан әлемдегі ұн мен астықты экспортаушы ірі мемлекеттердің бірі болып табылатындығы белгілі. Оның үстіне елімізде мемлекет тарапынан көрсетілген ұдайы қолдаудың арқасында аграрлық сектор қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар қазіргі қалыптасқан жағдай Қазақстанның әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп экспорттай түсуіне мүмкіндік тудырып отыр. Ал бұл дегеніңіз - әлемді алаңдатып отырған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін тың күш. Қазақстанға осы қарқынды бәсеңсітіп алмау үшін аграрлық секторды дамытуға бағытталған қазіргі саясатты белсенді жалғастыру керек. Бұған қоса халықаралық ынтымақтастық мәселесін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Себебі азық-түік қауіпсіздігі тек мол көлемде өндірілген азық-түлік қана емес. Өндірілген өнімнің тиісті сұранысқа ие болуы үшін оның сапасы да халықаралық талаптарға сай болғаны керек. Бұған қоса Қазақстан жерінде қазір жоғары технологияларды тиімді пайдалана білсе, бұдан да зор табысқа кенелуге болатын, осы уақытқа дейін мүлдем пайдаланылмаған резервтер бар. Осы резервтер болашақта елге инвесторларды тартып, шаш-етектен пайда табуға мүмкіндік береді. Демек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту Қазақстанның әл-ауқатын арттырып, халықаралық беделін де көтере түспек. Мұнымен еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа тағайындалған басшысы Асылжан Мамытбеков де келісті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан экономикасында аграрлық сектордың атқаратын рөлі зор. Қазақстандықтар ауыл шаруашылығы саласының дамуы мемлекет үшін ғана емес, өзі тұрып жатқан аймақ халқы үшін де пайдасы тиетініне сенеді. Ауыл шаруашылығы жалпы алғанда Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің қомақты бөлігін алып жатыр деуге келмейді. Есесіне осы салада қызмет етіп жатқан азаматтардың саны қаншама. А. Мамытбековтың пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі аграрлық сектордағы өндірілген мол өнімнің көлемімен және оның сапасымен қатар өнім бағасының қалың көпшілікке қолжетімділігімен де байланысты. Бағасы шарықтап тұрған, ешкім сатып ала алмайтын өнімнің азық болып жарытпасы түсінікті. «Қорыта келгенде, аграрлық сектор Қазақстан экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Мемлекет басшысының елдің экономикасын ілгерілетудегі басым 7 бағыттың бірі ретінде ауыл шаруашылығы саласын атауы тектен-тек емес. Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығының жағдай тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл аймақты толғандыратын мәселелердің бірі екенін жақсы түсінеміз. Осы себептен аграрлық сала тәуелсіздік жылдарында үздіксіз дамытылып келді. Нәтижесінде осы соңғы 10 жылдың ішінде ішкі жалпы өнім көлемінің 3,5 есеге артуына ықпал етті. Ауыл шаруашылығы өнімдері 3 есеге өсті. Ал ұн мен астық экспорт жағынан еліміз соңғы 5-6 жылдың көлемінде әлемдегі көшбасшылардың бірі болып келеді. Соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 15 есеге өсті. Оның ішінде жекелеген инвестиция көлемі 60 пайыздан асады», - деді министр.

Оның сөзінше, әлемдік қаржы дағдарысы ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан бірқатар мәселелердің бетін ашып берді. Алайда ол мемлекет үшін соншалықты күрделі проблема тудырған жоқ. Дер кезінде қолданылған шаралардың арқасында, 2008-2009 жылдары мемлекет бұл салаға 4 миллион АҚШ долларын бөле отырып, ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтап қалды. Соның арқасында Қазақстан қазір Орталық Азияны бидай мен ұнмен қамтамасыз ететін белді ойыншылардың біріне айналып отыр. Қазақстан өзінің осы аймақтағы міндетін жақсы түсінеді. Сондықтан да ол өткен жылғы елде орын алған қуаңшылыққа қарамастан эспортқа шектеу қойған жоқ, ішкі нарықтаға бағаның құбылуына да жол бермеді. Яғни нан өнімдерінің бағасы дағдарысқа дейінгі бағаның деңгейінде сақталды.

Министр сөзінде Қазақстан қолданып отырған осындай игі шараларға қарамастан азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты қатерлер болашақта туындамайды деуге болмайтындығын атап көрсетті. Сондықтан бірлескен халықаралық деңгейде шаралардың қолға алынуы Қазақстан үшін де маңызды. «Ортақ мақсатқа жету үшін біз қолда бар барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек. Білескен қимылдардың қаншалықты маңызды екендігіне біз жыл өткен сайын көз жеткізіп келеміз. 2009 Қазақстан өте мол көлемде астық жинады. Осы уақытта астық бағасы құлдырап кетті. Егер бізде осы мәселе бойынша астықты импорттаушы елдермен тиісті келісімдер болғанда, біз астықты төмен бағамен болса да өткізетін едік. Ал оны импорттаушы елдер үшін де пайдалы болар еді. Қазақстан үшін мұндай ықпалдастық өте пайдалы. Өйткені біз үшін тұрақты экспорт нарығы болуы да бағаның шектен тыс төмен болмауы да маңызды. Ал астықты импорттаушы елдер үшін бағаның шектен тыс жоғары болмауы пайдалы. Өйткені біз қолыңда қаржың бола тұра қажеттіңді таба алмай қалған кездердің де куәсі болдық. Қорыта келгенде, айтарымыз бар мәселе бірлікте болып отыр. Тек бірлескен, келісілген түрде қимылдағанда ғана болашағымыздың жарқын болатынына көз жеткізіп отырмыз», - деді А.Мамытбеков.