Бірлігі мен тірлігі жарасқан ел ғана асыл мұраттарына қол жеткізе алады - Маралтай Ыбыраев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Астанада үстіміздегі жылдың 5 қазанында «Мәңгілік Ел - болашағы біртұтас ел» тақырыбында республикалық Патриоттар форумы өткен болатын. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 2000-нан астам делегат қатысты. Соның ішінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Ыбыраев та болған еді. «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ақын осы форумда түйген ойларымен бөлісті.
None
None

- Маралтай Райымбекұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы болашағы біртұтас ұлт болып ұйысқанда ғана әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына еніп, ұлы державалармен терезесі тең мемлекетке айналатындығын талай мінберден айтып келеді. Осыған байланысты өз ойыңызбен бөліссеңіз.

- Иә, біз тарих сахнасында көп ұлысты бауырына басқан дара ұлт ретінде белгіліміз. Біздің пешенемізге осындай тағдыр жазылған. Сондықтан біз өзімізді мейлінше бір ұлттан құралған мемлекеттермен салыстыра алмаймыз. Бірақ, қазіргі заманда жетекші ұлт ретінде ел болашағының жауапкершілігін өз мойынмызға ала отырып, Қазақстанда өмір сүретін өзге ұлыстардың барлығын бауырымызға басып, Елбасы ұсынған Мәңгілік ел идеясының салтанат құруына бір адамдай атсалысуымыз қажет. Бұл жерде ана тіліміз жетекше рөлге ие болады! Ал Мәңгілік елді ертеректе Тоныкөк абыздың айтып кеткені белгілі. Ол: «Түркі жұртының мәңгілік мұраты - Мәңгілік ел», - деген. Сол мұратты Елбасы қолдап, қуаттап отыр. Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы ширек ғасырына жуық уақытта адам айтса нанғысыз үлкен мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. Елбасы талай қиын-қыстау, шиеленіскен шақтарда өзінің кемеңгерлік тұлғасын көрсетіп қана қоймай, артынан ерген халқының да рухын көтере білді. Мен мынаны айтқым келеді, біз Елбасымен ешқашан да адаспаймыз.

- Маралтай Райымбекұлы, елімізде үштілділік саясаты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда оның маңыздылығы неде?

- Көне түріктер, шайырлар жырлағандай тілді үш салаға бөліп қараған. Олар - ана тілі, дос тілі және дұшпан тілі. Олардың ара-жігі қазақ жұртшылығына мәлім. Сонымен қатар, сонау ХІІ ғасырда әдебиеттің жаухариаты - «Кодекс Куманикус» (ред. - батыс миссионерлері жазған «Қыпшақ тілінің сөздігі») өмірге келді. Ол үш тілде - түркі, парсы және латын тілінде жарық көрді. Осы үш тілдің ішіне күллі жер бетіндегі барша тілдер сыйып кетеді екен. Сонда неге ата-бабаларымыз басқа тілдерді меңгергісі келді? Бұдан көп жәйтті аңғаруға болады. Бүгінгі саясатта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгеру керектігін айтып отыр. Кезінде Қадыр ағамыз да: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!», - демеп пе еді!? Біз осы тілдерді игеру арқылы ішімізде жатқан дүниелерімізді әлемге жарқыратып көрсете аламыз. Бізде «Болашақ» деген бағдарлама бар. Енді соған аударма саласы да қосылса, нұр үстіне нұр болар еді! Сол арқылы жылына кемінде бір-екі жасты батысқа тіл меңгеруге жіберсек, ертең ол жастар әдебиетімізді, сан мың жылдық тарихымызды өзге тілдерге аударып, қазақ халқын әлемге танытар еді. Яғни, тіл білу - бізге қазір ауадай қажет. Өйткені, заман шапшаң дамып жатыр. Сол заман көшінің шаңында қалмас үшін тіл үйренуіміз керек. Елбасы қамқор әкедей, халқын осындай мәмілеге шақырып отыр. Мен мұны қызу қолдаймын.

- Маралтай Райымбекұлы, таяуда Патриоттар форумына қатысып қайттыңыз. Осы форумнан қандай ой түйдіңіз?

- Патриоттар форумындағы негізгі мәселе - ол осы елдің бірлігі мен тірлігі, ынтымағы. Бірлігі мен тірлігі жарасқан ел ғана асыл мұраттарына қол жеткізе алады! Ата-бабамыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекерге айтпаған. Елбасымыз да осы ұстанымды басшылыққа алып отыр. Ал ұлттар арасына ши жүгіртудің аяғы қандай болатындығын басқа мемлекеттерден көріп отырмыз. Сондықтан, бір жердің суын ішкен, нанын жеген ел секілді тұтасып, бірігетін болсақ, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе алатын қуатты мемлекет боламыз. Мен форумда осы тақырыпта сөз сөйлеп, баяндамамның аяғын мына «Мәңгілік ел» деген өлеңіммен аяқтадым:

Мәңгілік Ел - арманымның асқары.

Мәңгілік Ел - бақытымның бастауы.

Мәңгілік Ел - тарихымның дастаны.

Мәңгілік Ел - Нұрлы жолға бастады.

Мәңгілік Ел - менің аппақ мұратым.

Болашаққа нұрын шашып тұратын.

Мәңгілік Ел - Нұрлы жолы қазақтың

Бар әлемге мойындатар қуатын.

Мәңгілік Ел - шежіресі даламның.

Мәңгілік Ел - ақ тілеуі анамның.

Мәңгілік Ел - мәңгілікке аманат.

Мәңгілік Ел - Нұрлы жолы бабамның.

Мәңгілік Ел - ынтымақ пен бірлікте.

Мәңгілік Ел - ымыралы тірлікте.

Мәңгілік Ел - ертеңіңді ұлықтау.

Мәңгілік Ел - өткеніңді ұмытпау.

Мәңгілік Ел - маңдай тері халықтың.

Мәңгілік Ел - нұрлы үміт, жарық күн.

Мәңгілік Ел - із қалдыру мәңгіге.

Мәңгілік Ел - таусылмайтын әңгіме.

Мәңгілік Ел - бейбіт өмір әуені.

Мәңгілік Ел - Ел Анамдай әдемі.

Мәңгілік Ел - Тәуелсіздік тірегі.

Мәңгілік Ел - ұлт пен ұлыс тілегі.

Мәңгілік Ел - Нұрағамның ділі еді.

Нұрағамды бүкіл Әлем біледі!

Қазақ деген Көк Түріктің ұлы елі.

Нұрағамның нұр жолымен жүреді!!!

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар