Бірнеше азамат ірі көлемдегі ақшамен және балықпен ұсталды
ОРАЛ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Сырым» бекетінде шекарашылар рәсімделмеген ірі көлемдегі шетелдік ақшаны алып өтпек болған азаматтарды ұстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тойота» автокөлігімен Самара облысына бет алған ресейлік пен оның оралдық серігінен 3 мыңнан астам АҚШ доллары мен 46 мың Ресей рублі табылды. Үшінші жолаушы, Орал қаласының тұрғыны бұл екеуінен де «бай» болып шықты. Ол 10 мың АҚШ доллары мен 150 мың рубльді алып өтпек болған екен.
Ал батысқазақстандық әйел пойызбен жалпы салмағы 82 келі тартатын үш қап балықты әкетіп бара жатқан кезде қолға түсті. Бұл әрекет Орал-Алматы бағытындағы №380 пойызының №13 вагонын тексеру кезінде анықталды.