Біртанов реформасы: Науқастарды «жасанды интеллект» емдейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы екі-үш жылдың ішінде ауруханадағы ұзын-сонар кезектер мәселесі толығымен шешілуі әбден мүмкін. Адамдар дәрігерге мүлдем бармаса да болады. Себебі әрбір пациенттің электронды денсаулық төлқұжаты мен жеке кабинеті арқылы дәрігерлер бәрін бақылап отырады. Министр Біртанов онкологиялық ауруларды бақылайтын «жасанды интеллект» жүйесін де енгізуге мүдделі. Алайда осының бәрін іске қосу үшін біраз шараларды атқару қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлбетте, бірыңғай электронды базаны жасақтау үшін алдымен әрбір аурухананың өз ішіндегі локалды желісін, яғни ішкі ақпарат алмасудың электронды жүйесін ретке келтірген жөн. Бүгінде емханаға тіркелу, кезекке тұру сияқты электронды қызметтер де соны көздейді. Ал әрбір медициналық мекеменің ішкі жүйесін ретке келтіргеннен кейін олардың барлығын ортақ бір желіге, бірыңғай платформаға қосу қажет. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі кезде ақпраттық жүйелерді өзара қосу және бірыңғай деректер базасын құру мақсатында интеграциялық платформа жасақталып жатыр. Аталған бастамаға Дүниежүзілік банктің өзі қолдау жасап келеді. «Ағымдағы жылдың аяғына дейін сол платформаны пилоттық негізде іске қосу жоспарланып отыр. Соның негізінде электронды денсаулық паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеті құрылады. Алдағы уақытта электронды денсаулық сақтау паспортын ойдағыдай енгізу үшін әрбір медициналық ұйым пациенттер туралы деректерді беруі тиіс. Әрине, оған қажетті компьютерлік техника, сапалы интернет пен ақпараттық жүйелер керек», - дейді Елжан Амантайұлы.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша емханалардың 45 пайызында ішкі ақпараттық жүйелері бар. Демек, олардың барлығы пациенттер туралы деректерді беруге әзір. Алайда қалғаны әлі күнге дейін қағаздарды қолмен толтырып жүр. Жыл басынан бері медициналық мекемелерді компьютерлік техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші екі есеге артып, республика бойынша 74 пайызға жетсе де, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары орташа көрсеткішке де жете алмай отыр. Жергілікті билік келесі жылдың аяғына дейін барлық медициналық мекемелерді ақпараттық жүйелер мен компьютерлік техникамен толығымен қамтамасыз етеміз деп отыр. Дегенмен, оның сыртында интернет мәселесі тағы бар. Себебі сапалы интернет желісі болмаса, өзара ақпарат алмасу мүмкін емес. Бірыңғай платформаны да іске қоса алмаймыз. Өкінішке қарай, елімізде емханалардың жартысынын көбі интернетке шыға алмай отыр. Оның да өзіндік себептері бар. Негізі, облыстық және қалалық емханалардың барлығында интернет бар. Ал интернетсіз отырған мекемелердің басым бөлігі - шалғай жерде орналасқан ауыл емханалары. Министр Біртановтың айтуынша, келесі жылдың аяғына дейін шалғай жатқан емханаларды да интернетке қосу қажет. Өйткені 2019 жылдан бастап барлық медициналық мекемелерді толығымен электронды жүйеге ауыстыру жоспарланып отыр. Содан бастап, дәрігерлер қағазбасты жұмыстан толығымен құтылады деген сенім бар. Себебі амбулаторлық кітапшалар, тіпті дәрігерлік рецепттер электронды түрде жазылады.
Шыны керек, денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі бастамаларын іске асыру үшін әкімдердің белсенді әрекеті, ортақ іске деген жанашырлығы қажет-ақ. Себебі ақпараттық жүйелерді құру мен компьютерлік техникамен қамтамасыз ету шаралары жергілікті жерде шешіледі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі интернетпен қамту жағын реттеп бермесе тағы болмайды. Аталған ведомствоның басшысы Дәурен Абаевтың айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде республика бойынша 900-ден астам денсаулық сақтау нысандарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Ал 2020 жылдан бастап қалған ауылды мекендерге де интернет желісі тартылады. Соған қарағанда, алдымен қалалық және аудандық ауруханалар желіге толығымен қосылады. Ауыл емханаларына интернет біртіндеп жалғанады.
Дегенмен, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үш жылдан кейін барлық қазақстандықтарға электронды денсаулық төлқұжатын ашып беруді көздейді. «Бәрі ойдағыдай болса, 2020 жылға дейін барлық қазақстандықтарда электронды денсаулық паспорты болады. Онда пациент туралы ақпарат жинақталады. Адам туғаннан бастап қай емханаға барса да, оның дәрігерге қаралғаны, немен ауырғаны және тағы басқа мәліметтер электронды денсаулық паспортына түсіп отырады. Бұдан бөлек, біз мобильді қосымшалар арқылы медициналық қызметтерді дамытатын боламыз. Ал «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, онкология саласында «жасанды интеллектті» пайдалану жобасын пилоттық негізде іске асыру жоспары бар. Аталған жүйе ғаламтордағы ғылыми мақалаларды автоматты түрде талдап, нақты бір пациентті емдеу жолын ұсынатын болады. Оны күзде іске қосатын боламыз», - дейді министр Біртанов.
Ашығын айту керек, денсаулық сақтау саласындағы электронды жүйе сәтті іске асса, біраз мәселелерді шешуге болады. Емханаларда кезектер саны күрт азаяды. Адамдар үйден шықпай-ақ, дәрігердің кеңестері мен рецептін алып, жеке уақытын үнемдей алады. Ал рецептер ашық түрде жазылса, ірі фармацевтикалық компаниялардың өз препараттарын дәрігерлер арқылы пациенттерге тықпалау әрекеттері де азаюы тиіс. Ендігі мәселе, сол электронды жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Өйткені науқас туралы ақпарат құпия мәліметтер санатына жатады. Ал қандай да бір кибершабуылдар бола қалса, сол құпия мәліметтер жойылып, денсаулық саласының тұтас бір жүйесі істемей қалуы әбден мүмкін.