Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың ең жиі қоятын 10 сауалына жауап береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалыптасқан дәстүр бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың сауалдарына жауап береді. Бүгін «Сұрақ-жауап» айдарында салымшылар ең жиі қоятын: зейнетақы шотыңыздың жағдайы туралы ақпаратты қалай алуға болады, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беріледі ме, зейнетақы жинақтары мұраға қалады ма және ерікті зейнетақы жарналары дегеніміз не деген сұрақтарға жауап аласыздар.
1. Зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдіктер бар ма?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының алушының зейнетақы төлемдерiне құқықты иемдену кезiндегi инфляция деңгейiн ескере отырып, iс жүзiнде енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.
2. Зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты салымшылар қалай ала алады?
Зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алудың арналары бірнешеу. Салымшы өзі үшін ең ыңғайлысын таңдай алады:
- Салымшының БЖЗҚ өзі келуі (Қазақстан бойынша БЖЗҚ 236 офис);
- жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген салымшының электрондық мекенжайына хабарламаны жіберу;
- www.enpf.kz сайтында «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кез келген офисінде тіркелетін логин мен пароль болса, немесе электрондық цифрлік қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса. «Интернет қызметтері арқылы жеке өзі өтініш жасаған кезде» хабарландыру тәсілін таңдап және логин мен пароль болса, Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттер үшін БЖЗҚ мамандары әзірлеген ENPF мобильді қосымшасын пайдаланса болады.
- egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы. Қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» санатында - «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдары - «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімі. Қызметті пайдалану үшін ЭЦҚ және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет.
- пошта арқылы, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште
көрсетілген мекенжай бойынша.
3. Тегі, мекенжайы және т.б. өзгерген жағдайда салымшының әрекеті?
Салымшының (алушының) тегі, аты, әкесінің аты, туған күнінің өзгергені туралы БЖЗҚ автоматты түрде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан (ЗТМО) ақпарат алады. Ақпарат беру бойынша қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін қандай да бір өзгерістер (мекенжай, электрондық мекенжайдың өзгеруі және т.б.) болған жағдайда салымшылар белгіленген тәртіпте бұл туралы БЖЗҚ хабарлауға міндетті.
Қор барлық салымшыларын өздерінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы деректерін тексеруді өтінеді және жинақтары туралы ақпарат алудың ең ыңғайлы, заманауи, тиімді және жедел тәсілін таңдауды ұсынады.
4. Зейнетақы жинақтарын жылжымайтын мүлікті сатып алуға, шет елде емделу ақысын, немерелерінің оқуын төлеуге пайдалануға болады ма?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері Заңмен көзделген белгілі бір жағдайлар туындағанда, сонымен қоса зейнет жасына жеткен кезде ғана алынады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары есебінен кредитін жабу, жылжымайтын мүлік сатып алу, емделу ақысын төлеу мүмкіндігі қолданыстағы заңнамада көзделмеген.
5. Зейнетақы жарналарын ерікті түрде аударуға болады ма?
Әрине, болады. Зейнетақы мөлшерін өз бетінше көбейту үшін, сіз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа отыра аласыз.
Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртібі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің тәртібі осы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.
6. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары дегеніміз не?
Міндетті кәсіптік жарналары - 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары қауіпті және зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің пайдасы үшін жұмыс беруші аударатын жарналар. Жарналардың мөлшері еңбекақы қорының 5% құрайды. Кәсіптер тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген. Тізбені жасаған кезде ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі Республикалық ҒЗИ зерттеулерінің нәтижелері пайдаланылды.
Жұмыс нәтижелері бойынша еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) кәсіптер тізбесіне қосу үшін көрсеткіштер мен критерийлер айқындалған:
- зиянды өндірістік факторлардың болуы;
- еңбек жағдайлары зиянды (аса зиянды) жұмыстарда 80% кем емес;
- өндіріс ерекшелігіне байланысты (өндіріс объектілерін аттестаттаудың нәтижелері бойынша) зиянды еңбек жағдайларының сақталуы (зияндылықтың 3 класынан төмен емес). 7. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы қалай есептеледі?
2015 жылғы 2 тамызда Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 28 қазандағы № 369-V Заңына сәйкес түзетулерді ескере отырып 2018 жылдың 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай зейнет жасына жеткен кезде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту көзделген. Осылайша, базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 50 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
8. Шартты-жинақтаушы құрамдауыш дегеніміз не? 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі - шартты-жинақтаушы құрамдауыш немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіледі.
Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоттары ашылатын болады, оның атына жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% мөлшерінде ЖМЗЖ аударатын болады. Жаңа ЖМЗЖ басты артықшылығы жұмыс беруші зейнеткердің пайдасына аударып отырған осы жарналардан зейнеткер оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылса да, осы құрамдауыштан зейнетақыны өмір бойы алатын болады (ЖМЗЖ жиынтығында күнтізбелік 60 айдан кем емес аударған жағдайда).
9. Зейнетақы жинақтары қалай мұраға қалады?
Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары азаматтардың меншігі болып табылмайды және тиісінше мұраға қалдырылмайды, себебі олар жұмыс берушілермен төленетін болады. Бірақ, естеріңізге қайта саламыз, зейнеткер оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылса да, бұл құрамдауыштан зейнетақыны өмір бойы алатын болады (ЖМЗЖ жиынтығында күнтізбелік 60 айдан кем емес аударған жағдайда).
10. Жаңа зейнетақы заңнамасы қабылданғаннан кейін болашақ зейнетақы қандай құрамдауыштардан тұратын болады?
1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 айдан кем емес жұмыс өтілі бар тұлғалар жинақтаушы және шартты-жинақтаушы жүйелерден (бұдан әрі - ШЖЖ) төленетін төлемдермен қатар базалық және ортақ зейнетақыны алатын болады.
Осылайша, зейнетақы мыналардың есебінен қалыптасады:
1) бюджет қаражатынан:
- 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін күнтізбелік алты айдан кем емес өтілі бар болған кезде еңбек зейнетақысы;
- мөлшері еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты болатын базалық зейнетақы;
2) жинақтаушы зейнетақыдан:
- қызметкердің ай сайынғы табысынан 10% міндетті зейнетақы жарналары (1998 жылдан бастап өз еңбекақымыздан ай сайын 10% аударатын, біз жинайтын сома),
- қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші өз қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды (аса зиянды) жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлердің пайдасына аударатын сома);
- және жаңа, 2018 жылдан бастап енгізілетін жұмыс беруші қызметкерлердің барлығы үшін қызметкерлердің шартты зейнетақы шоттарына төлейтін 5% міндетті зейнетақы жарналары (олардың еңбек жағдайларына байланыссыз). Бұл шоттардан төлемдер - ЖМКЖ жиынтығында күнтізбелік 60 айдан кем емес болған жағдайда 2023 жылдан бастап аударылады.
Call-центр 8 800 080 1177 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін)