Бишімбаев ісі: Сотталушылардың бірқатары айыптарын мойындады
Талқылау аясында прокурорлар қылмыстық істің мән-жайы толық сипатталған айыптау актісін жариялады.
Атап айтқанда, Қуандық Бишімбаевтың «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасы болған кездегі, «Orda Glass» ЖШС мен «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы Қызылордадағы табақ шыны өндіру және өңдеу зауытының құрылысынан бір миллиард теңгені жымқыру бойынша қылмыстық схеманы ұйымдастырғаны айтылды.
Айыптау актісіне сәйкес, дәл осы эпизодта Қуандық Бишімбаев аталған компаниялардың мүддесін лоббилендіру үшін 2 миллион доллар пара алған. Сондай-ақ, кәсіпорын құрылысынан жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құраған.
Сонымен бірге прокурор жалдамалы баспана құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы ұрлықтар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, Бишімбаев тұрғын үйлер құрылысына қатысқысы келетін кәсіпкерлерді өз ережелерін орындауға мәжбүрлеген. Осылайша, ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 346 миллион теңге сомасына есептелген жеті рет пара алған.
Айыптау актісі тыңдалған соң, сотталушыларға судья сұрақ қойды. Сұрақтарға жауап берген бірқатар сотталушы ақша жымқыру мен параны алып беруге қатысқандарын мойындады. Олардың арасында «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев, оның орынбасары Аслан Жақыпов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарушы директоры Дельрух Анарбай мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ бұрынғы басшысы Ерлан Айталиев бар.
Олардан бөлек, келісімшарт бекіту үшін пара берген кәсіпкерлер де - «Биным» ЖШС бұрынғы бас инженері Данияр Олжабеков, «Orda Glass» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Дәурен Ибрашев, «Астана ПК» ЖШС директоры Қанат Смағұлов қылмыс жасағандарын мойындады.