Бішкекке зардап шеккендер үшін тоннадан астам дәрі-дәрмектер жеткізілді

БІШКЕК. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Бішкекке жақында елде болған оқиғаларда зардап шеккендерге дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бұл туралы Халықаралық Қызыл крест комитетінің (ХҚКК) Ташкентте орналасқан Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінен хабарлады.

Бішкекке зардап шеккендер үшін тоннадан астам дәрі-дәрмектер жеткізілді

Өкілдіктен хабарлағанындай, сенбі күні, сәуірдің 10 күні ХҚКК-нің ұшағы Пешавардан (Пәкістан) Қырғызстан астанасына тоннадан астам дәрі-дәрмек, сондай-ақ қаза болғандардың денесін сақтауды қамтамасыз ету үшін керек-жарақтар жеткізді. Бішкекке оқтан жараланғандарды емдеу үшін дәрілер жиынтығы, жараны таңатын материалдар, вакциналар, қаза болғандарды орайтын қаптар әкелінді.

«Бұл өткен сәрсенбіде қақтығыстар басталған сәттен бергі біздің алғашқы гуманитарлық авиарейсіміз, бұған дейін де ХҚКК қолдауымен медицина қызметкерлері зардап шеккенерге көмек көрсеткен болатын», - деді Қырғызстандағы ХҚКК миссиясының басшысы Клаудиа Аззолини.

ХҚКК Бішкекте ішкі тәртіпсіздік басталғалы қырғыз медицина мекемелеріне қолдау көрсетуде. Бүгінде Қырғызстанда ХҚКК құрамында 35 қызметкер жұмыс істеуде. Олар Бішекете және елдің оңтүстік батысындағы Ош қаласында орналасқан. Таяудағы күндерде олардың қатары жаңа қызметкерлермен толыға түспек, деп мәлім етті өкілдікте.