Бішкекте президент Қ.Бакиевтің үйі тоналды және өртеп жіберілді
Бірнеше жас жігіттің Жібек Жолы даңғылында орналасқан үйден ұзақ уақыт бойы дүние-мүлік тасығаны, кейіннен ол үйлерден өрт шыққаны хабарланып отыр. Бейресми ақпараттар бойынша, соңғы кезде бұл үйлерде президенттің жақын туыстары тұрып келген. Бұған дейінгі ақпараттарда, Қ.Бакиев пен ел қорғаныс министрі Бақытбек Қалыевтың Ош қаласындағы оңтүстік резиденцияға ауысқаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Бішкекте тонау фактілері жалғасуда. Қырғызстан өкіметі мен оппозиция өкілдерінің арасындағы соңғы келіссөз нәтижесіз аяқталғаннан кейін, наразылық білдірушілер үкімет ғимаратына басып кіріп, бүлік ұйымдастырды. Сондай-ақ, оппозицияшылардың Бішкектегі Көркемсурет өнері мұражайын тонағаны хабарланды.
Соңғы мәліметтер бойынша, оппозицияның жаппай наразылық акцияларының нәтижесінде Бішкекте 47 адам қаза болды, жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан өкіметі қазақ тарабының өтініші бойынша Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекараны жапты.