Бішкектегі жағдай уақытша ІІМ бақылауына алынды

БІШКЕК. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Уақытша үкіметтің тағайындауымен сәуірдің 7-інен бері Болотбек Шерниязов басқаратын Қырғызстанның уақытша Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі таңда Бішкектегі жағдай ішкі істер органдарының бақылауында.

Бішкектегі     жағдай  уақытша ІІМ бақылауына алынды

Атап айтқанда, милиция қызметкерлерінен, ішкі әскердің әскери қызметкерлері мен ерікті халық жасақтарынан жасақталған жедел топтардың біріккен іс-қимылдарының нәтижесінде сәуірдің 9-ы күні түнгі сағат 1-лерде Бішкек елірген жастардың топтарынан тазартылды.

Оның алдында, сәуірдің 8-і күні сағат 18.00-ден бастап Бішкектің барлық аудандары мен орамдарында 50-ден астам жедел топ жол полициясы инспекторларымен бірлесіп кезекшілік атқарды. Қорқаулықпен және тонаумен айналысып жүрген адамдарға қарсы арнайы құралдар мен атыс қаруларын қолданды.

Қазіргі таңда Бішкекте тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жалғасуда. Арнайы құрылған топтар бүлік пен тәртіпсіздіктердің нәтижелерін тіркеу, келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын жүргізуде.

Қырғыз Республикасының уақытша ішкі істер министрлігі Бішкектегі қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге көмектесіп отырған барша азаматтарға шынайы алғыс білдірді.