Бітік шыққан астықты төкпей-шашпай жинай аламыз ба?

ТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП мен ел Үкіметі алдына қойған міндеттері толығымен жүзеге асуда.
None
None

Оған осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған Министрлер Кабинеті мүшелерінің қатысуымен өткен билік партиясының Мәжілістегі фракциясының отырысында көзіміз тағы бір мәрте жетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге ден қойған биліктің қос тармағының қоғам алдындағы атқарып жатқан игі істері ілгері басуда. Сөйтіп «ынтымақ бар жерде ырыс пен береке ұйысатындығын» тағы бір мәрте дәлелдеуде.

Алқалы жиынды ашып, Үкіметтің дағдарыс басталған 2007 жылдан бергі атқарған ұшан-теңіз еңбегі түзілген баяндамасын қолға алған Премьер-Министр біраз жайтқа тоқталды. Көңілге түйгеніміз, сол жылдан бастап Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) оң қарқынмен өсіп, тіпті қаржы-экономикалық дағдарыстың шырқау шегі жеткен тұста да құлдырауға жол берілмеді. Бүгінде Бразилия, Малайзия, Түркия сынды табыс деңгейі орташа елдер арасында көшбасына шыққан Қазақстанның өткен жылғы ЖІӨ 148 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл Орта Азиядағы төрт мемлекеттің жалпы ішкі өнімдерін қоса есептегеннің өзінде 2 есеге артық. Елдегі жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге өсті. Зейнетақы, жәрдемақылар да көтерілді. Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынып, баспаналы болған қазақстандықтардың саны артты. Қолда бар қаржысын құрылыс саласына, яғни пәтерге салып, ауызы күйген үлескерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, орта және шағын бизнестің тынысын ашатын қадамдар жасалды. Қаржы саласында да айтарлықтай оң нәтижелерге қол жетті. Елдің банк секторының сыртқы қарызы 2007 жылғы желтоқсандағы 46 млрд. АҚШ долларынан 2011 жылғы наурызда 16,6 млрд. АҚШ долларына дейін азайды. Екінші деңгейлі банктердің де сыртқы қарыздары 29,4 млрд. АҚШ долларына кеміді. «Тіпті дағдарыс кезінде де біз Ұлттық банк қаржысын көбейте алдық. Ұлттық банктің активтері 2077 жылғы қаңтардағы 14,7 млрд. доллардан 2011 жылы тамызда 40,3 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Ұлттық банкпен Ұлттық қордық жиынтық резерві 2011 жылғы тамызда 76,3 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді К.Мәсімов.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Балапан», «Жұмыспен қамту-2020», «Жол картасы», «Бизнестің жол картасы -2020», «Өнімділік-2020», «Саламатты Қазақстан», «Ақ бұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту» сынды бағдарламалар да қарқынды жүзеге асырылуда. Міне, елдің осындай жетістіктерін тізіп шыққан Үкімет басшысы ендігі уақытта Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдердің қатарына енгізу міндеті тұрғандығын атап өтіп, бұл деңгейді 2016 жылға дейін бағындыратынымызды баса айтты. «Мен әлемдік экономиканың рецессияға енуі мүмкіндігі жоғары болып тұрғандығын айта аламын. Президент тапсырмасы бойынша біз экономикада жағымсыз сценарий орын алған жағдайға нақты жоспар әзірледік. Өйткені әлемдік рецессияның қайталану белгілері айқындалып келе жатыр. Біз жаңа қатерлерге қарсы тұруға дайынбыз», - деді К.Мәсімов сөзін үйіндеп.

Міндет - 2015 жылы Ұлттық қорды 72,5 млрд. АҚШ долларына жеткізу

Осынау алқалы жиында елдің 2012-2016 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2012-2014 жылдарға арналған бюджеттік шығыстар басымдықтарына кеңінен тоқталған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің атап өтуінше, 2012-2016 жылдарға арналған экономикалық саясаттың негізгі мақсаты теңгерімді экономикалық өсуді 7 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету болып табылады. Бұған үлестірілген ақша-кредит, салық-бюджет саясаттары және инфляция деңгейін 6-8 пайыз дәлізінде ұстап тұру есебінен макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету ықпалын тигізеді. Ал орнықты экономикалық өсудің негізін құру индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету жолымен жүзеге асырылатын болады. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында индустриялық-инновациялық қызметті және тұтастай алғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кешенді жүйесі құрылады. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заңдар қабылданады. Ал мемлекеттік бюджет шығындарына келер болсақ, болжамданған түсімдерді және жоспарланған тапшылықтың төмендеуін ескере отырып, мемлекеттік бюджет шығындарын 2012 жылы 6,3 трлн. теңгеден 2014 жылы 6,9 трлн. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Шығыстарды ЖІӨ-нің 20 пайыз шегінде ұстап тұру экономиканың орнықты өсуі үшін қажет мемлекеттік инвестициялар есебінен негізгі капиталдың жинақталуын және ішкі сұранысын қамтамасыз етеді. Ал елдің бюджет саясаты мұнайдан түскен түсімдерді «жеп қоюға» жол бермеу мақсатында бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге құрылды. Әлемдік экономикадағы жағдайдың әлеуетті ушығып кетуін есепке ала отырып, орта мерзімді перспективада Ұлттық қор қаражаттарын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес 8 млрд. АҚШ доллары көлемінде кепілденген трасфертті шектеу арқылы Ұлттық қорда қаржы қаражаттарын жинақтау саясаты жалғасатын болады. «Ұлттық қордың активтері 2015 жылға 72,5 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі қажет. Бұл ЖІӨ-нің 30,4 пайыздан кем емес бөлігін құрайды. Осыған байланысты 2012-2014 жылдары Ұлттық қордан бөлінетін трансферт 1 200,0 млрд. теңге көлемінде жоспарланған», - деп атап өткен Қ.Келімбетовтің сөзіне қарағанда, Ұлттық қордан бөлінетін кепілденген трансфертті шектеу Қорда мұнайдан түскен табыстардың таза жинақталуына мүмкіндік бермек.

Бітік шыққан астықты төкпей-шашпай жинай аламыз ба?

Диқаншының маңдай терімен өсірген ағымдағы жылғы бітік шыққан астықты төкпей-шашпай жинай аламыз ба? Қазіргі уақытта дәл осы мәселе Ауыл шаруашылығы министрінің шақшадай басын шарадай қылып отыр. Күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының отырысында ашығын айтқан ведомсвто басшысы Асылжан Мамытбеков: «Қазіргі таңда астық түсімі гектарынан шамамен 16 центнерден айналуда. Бұл астық ору барысында бірқатар проблемаға душар етіп отыр. Тіпті заманауи комбайндар да өте төмен жылдамдықпен қозғалуда. Дегенмен жиын-терім жақсы қарқынмен жүруде», - деді.

Жалпы биыл 25 млн. тоннаға жуық астық бастырылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бидай мен арпа толық жиналып алынса, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында арпа мен бидай ору аяқталуға жақын. Ал Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарында егіннің жартысынан астамы жиналды. Ескере кетерлігі, алынатын астық көлемі былтырғыдан 1,5 есе артық болады деп күтілуде. Міне осыған орай егін жинау, оны тасымалдау мен кептіру және басқа да жұмыстарда дизель отынына деген қосымша қажеттілік туындап отыр. Астықтың негізгі бөлігін өндіретін облыс әкімдіктердің берген өтінімдеріне сәйкес дизель отынына деген қосымша қажеттілік 40 мың тоннаны құрайды. Қазіргі кезде дизель отынының қосымша көлемін бөлу туралы мәселе Мұнай және газ министрлігімен пысықталуда.

Диқаншының ұйқысын бөліп, көңілін күпті еткен тағы бір проблема -еліміздегі элеваторлардың жетіспеуі. Дегенмен, бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдануда. Министрліктің мәліметтері бойынша, 1,5 жылдың ішінде 500 мың тоннаға жуық астық сақтайтын қоймалар салынған. Дегенмен, астық себетін негізгі 3 облысқа 1,5 млн. тонна көлемінде элеваторлық қуаттылық жетіспейді. Сондықтан қазіргі кезде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 500 мың тонна азық-түліктік астықты солтүстік облыстардың астық қабылдау кәсіпорындарынан басқа облыстардың бос тұрған элеваторларына көшіруді жүзеге асыруда. Сондай-ақ биылғы экспортқа астық шығару кезіндегі көлік шығындары үшін 1 тоннаға 40 АҚШ доллары көлемінде жәрдем ақша беріледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 15 млрд. теңге, оның ішінде 2011 жылы - 5 млрд. теңге, 2012 жылы - 10 млрд. теңге бөлінбек. Ал астық тасымалдайтын вагондардың жетіспеушілігін жою мақсатында «Русагротранс» ЖАҚ пен «Қазтеміртранс» АҚ-тың қатысуымен астық тасымалдайтын бірлескен көлік компаниясын құру мәселесі шешілуге жақын. Бұл астық экспорттаушылардың тасымалдаушы құрамға деген қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мақсаттарға жаңадан құрылатын көлік компаниясының құрамына «Русагротранс» ЖАҚ тарапынан 5200 астық таситын вагон бөлінетін болады.

«Жасыл көпір» бағдарламасы бәрі қолдауда

Әлемдік деңгейдегі басқосулардың негізгі алаңына айналған елордада жаһандық проблемалардың бірі - экология мәселесі қозғалған «Еуропа үшін қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конференциясының жұмысы өтуде. Бүгін алқалы жиын өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайына арнайы ат басын бұрған ҚР Үкімет басшысы К.Мәсімов конференцияға қатысушылармен кездесті. «Бірде бір мемлекет жалғыз өзі климаттың өзгеруі проблемасын шеше алмайды, біздердің күш біріктіруіміз қажет», - деп атап өткен ҚР Премьер-Министрі әлемдегі экологиялық проблемалардың трансшекаралық сипатқа ие болып отырғандығыны баса айтты. Сонымен қатар ол Елбасы Н.Назарбаевтың «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынғандығын және бұған дейінгі алты конференцияда қолдау тапқан технология жасыл экономикадағы өте маңызды үлес болып табылады деген пайымын жеткізді. «Қазақстан Еуропа мен Азия арасында орналасқан және ол тұрақты даму, «жасыл даму» бағытында жылжуда. Мен өзіміздің халықаралық әріптестерімізбен туындайтын барлық проблемалардың шешімін табу үшін бірлесіп жұмыс істейміз деп уәде беремін және оған барлық күш-жігерімізді саламыз»,- деді К.Мәсімов.

Айта кетерлігі, үш күнге созылған алқалы жиын барысында қоршаған орта және дамыту жөніндегі декларация, сондай-ақ Астананың «Жасыл көпір» атты бастамасы қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың идеясын іске асырудың негізі болып табылатын «Жасыл көпір» бастамасының негізгі мақсаты - экономикада «жасыл даму» саясатын алға жылжытуды Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне қолдау көрсету болып табылады. Қазіргі уақытта әлем елдерінде осы бастаманың кейбір элементтері бойынша пікірталас жүріп те жатыр. Мәселен, елорда төрінде өткен жиынға қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиштің пікірінше, қазақстандық бастаманы нақты жобалар бойынша біртіндеп жүзеге асыруға болады. «Қазіргі таңда кейбір халықаралық ұйымдар Астана бастамасына кіретін ілкі жобаларды қолдауға дайын. Бұл бастама сөз жоқ РИО-20 саммитінде талқыланады, талқыланып қана қоймай ол бойынша нақты жобалар да ұсынылады деген ойдамын. Жалпы «Жасыл көпір» бағдарламасының мән-маңызы «жасыл» технологиялар Еуропадан Азия елдеріне көшіп, осы өңірдің климаттық жағдайларына қоршаған ортаны ластамайтындай болып бейімделуі керек. Сонда ғана бұл үдеріс екіжаққа да тиімді болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар