Биткоин қозғалысын он жыл әрекетсіз жатқаннан кейін де бақылауға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Блокчейн-талдаумен айналысатын Arkham компаниясы ирландиялық есірткі саудагері, Дублин қаласының тумасы Клифтон Коллинзға тиесілі 500 биткоиннің ($BTC) шамамен он жыл бойы қозғалыссыз жатқаннан кейін қайта аударылғанын хабарлады, деп жазады Вашингтондағы Kazinform тілшісі Crypto News дерегіне сілтеме жасап.
2011–2012 жылдары Коллинз марихуана өсіру және сату арқылы түскен табыстан шамамен 6000 биткоин жинаған. Ол криптовалютаны 12 бөлек әмиянда сақтаған. 2017 жылы қамауға алынғаннан кейін көпшілік бұл қаражат жоғалған немесе сот шешімімен тәркіленген деп санаған. Алайда жақында жасалған транзакция бұл іске қатысты қызығушылықты қайта жандандырып, қалған активтердің тағдыры туралы сұрақтар туғызды.
Ұзақ уақыт белсенді болмаған биткоин әмияндарынан қаражаттың қозғалысы құқық қорғау органдарының, сарапшылардың және криптовалюта қауымдастығының назарын жиі аударады. Мұндай транзакциялар бұрын қолжетімсіз деп есептелген активтерге әлі де жеке кілттері бар тұлғаның қолы жететінін көрсетуі мүмкін. Бұл жағдайда қаражатты көшіру активтерді тарату, біріктіру немесе жаңа әмияндарға ауыстыру процесінің бір бөлігі болуы ықтимал, бұл өз кезегінде оларды құқықтық тұрғыдан бұғаттау немесе тәркілеуді қиындатуы мүмкін.
500 биткоиннің қозғалысы криптовалютаны қайтару және оның анонимділігіне қатысты мәселелердің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Бұл оқиға блокчейн жүйесіндегі транзакцияларды жылдар өткен соң да бақылауға болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл іске белгілі қылмыскердің қатысы болуы криптовалюта операцияларын мұқият тексерудің маңызын да айқындайды.
Бұған дейін Биткоинның бағасы 113 000 доллардан төмен құлдырағаны туралы хабарланған болатын.