Биыл Ақмола облысында 14,3 мың бала мектеп табалдырығын аттайды

Басқарма басшысының мәліметінше, қазіргі кезде облыс мектептерін жаңа оқу жылына дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«Жаңа 2023-2024 оқу жылында Ақмола облысындағы 542 мектепте 137 мыңнан астам оқушы білім алатын болады, оның ішінде 14395 бала бірінші сыныпқа барады», - деді Шоқан Оразалин.

Басқарма басшысы атап өткендей, мектептерді педагог кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселе. Осы ретте, облыстың білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметті 23 мыңнан астам ұстаз жүзеге асырады (мектепке дейінгі ұйымдарда – 3645, орта білім беру ұйымдарында – 16039, қосымша білім беру ұйымдарында – 1069, арнайы ұйымдарда – 464, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде – 1917).
«Педагогтерді жұмысқа орналастыру кезінде айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы желтоқсаннан бастап педагогтерді білім беру ұйымдарына қабылдау конкурс бойынша жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі министрлік бұйрығымен бекітілген.
Биыл білім беру ұйымдарына 154 маман келді. Педагогтарды қабылдау жалғасуда.
Қазіргі уақытта облыс әкімінің гранты есебінен 346 адам «педагогика» мамандығы бойынша білім алып жатыр. 2023 жылы 79 маман диплом алып шықты, оларға облыстың білім беру ұйымдарына жолдама берілді», - деді басқарма басшысы Шоқан Оразалин.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 17 508 бала материалдық қолдауға мұқтаж екенін жазған едік.