Биыл Ақмола облысында сумен қамсыздандыру және су бұру жүйелерінің 6 нысаны іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Ақмола облысында сумен қамсыздандыру және су бұру жүйелерінің 6 нысаны іске қосылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-дегі брифингте Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мəлім етті.

Биыл Ақмола облысында сумен қамсыздандыру және су бұру жүйелерінің 6 нысаны іске қосылады

«Тұрғындарды сапалы ауыз суымен қамсыздандыру біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Облыс бойынша орталықтандырылған сумен қамсыздандыру 80 пайызды құрайды. Ал орталықтандырылмаған су жүйесі - 19 пайыз. Тасымалданатын суды пайдалатын тұрғындардың үлесі - 1 пайыз», - деді С.Кулагин.

Оның атап өтуінше, өңірдегі сумен қамсыздандыру және су бұру жүйелерінің 10 жобасын іске асыруға 3,2 млрд. теңге бағытталған. Ағымдағы жылы 6 нысан іске қосылатын болады. Ол тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамсыздандыру жүйесіне қолжетімділігін тағы да 14 мың адамға арттыруға мүмкіндік береді.

«Тасымалданатын судың түйткіл мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. 18 елді мекенде су қоры бойынша іздестіру-барлау жұмыстары аяқталды, 9 елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы институттары есебінен орын алуы мүмкін. Бүгінгі таңда, біздің тарапымыздан Еуразиялық қайта құру және даму банкі қаражатының есебінен Көкшетау қаласын сумен қамсыздандыру және су бұру торабының 3 ірі жобасын іске асыру жөніндегі мәселе пысықталуда»,- деді облыс басшысы.