Биыл Алматы қаласының цифрлық егізі құрылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Осы жылдың күзінде Алматы қаласының «цифрлық егізін» құру жоспарда. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форум барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Алматы қаласының цифрлық егізі құрылады

Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматының цифрлық егізіне көлік, экономикалық, экологиялық және құрылыс деректері енгізілетін болады. Сондай-ақ, үлкен деректерді талдау негізінде қаланы дамыту сценарийінің функционалы бар платформаланы енгізу жоспарлануда.

«Қабылданған қаланы дамыту бағдарламасындағы 7 негізгі басымдықтың бірі «Алматы – Смарт-сити» құру. Ағымдағы жылдың күзіне қарай Сингапур және Шанхай сияқты мегаполистерге ұқсас қаланың «цифрлық егізін» құруды бастау жоспарда. Былтыр қыркүйек айында Алматы Almaty Data Lake-бірыңғай деректер қоймасы жобасымен IEEE Smart Cities Awards Contest халықаралық «ақылды қалалар» байқауының финалисі атанды»,- деді Ерболат Досаев.

Шаһар басшысы қаланың одан әрі дамуына, жақсаруына маңызды жобалар мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Биыл бірыңғай бейнемониторинг жүйесі Алматының 80 пайызын қамтиды. Бұл – цифрландыруға қатысты цифрландыру емес, ең алдымен, жайлы қалалық орта құру және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету»,- деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Алматыда «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» халықаралық форумы өтіп жатыр.


Фото: gov.kz