Биыл Алматыда өтетін «Еуразия» кинофестиваліне 100 млн. теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда «Еуразия» кинофестивалін өткізуге 100 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Бөрібаев айтты.

Биыл Алматыда өтетін «Еуразия» кинофестиваліне 100 млн. теңге бөлінді

Оның атап өтуінше, Х Еуразия халықаралық кинофестивалін Алматы қаласында өткізу (2014 жылғы 15-21 қыркүйек) қазақстандық киноның әлеуетін және шетелдік әріптестермен ынтымақтасу мүмкіндігін нақты көрсетеді.

«Биылғы кинофестиваль ерекше мәнге ие. Ол қазақ киносының атасы Шәкен Аймановқа арналған. Өздеріңіз білесіздер, биыл - ол кісінің 100 жылдық мерейтойы. «ЮНЕСКО» 2014 жылды Шәкен Айманов жылы деп атады. Және кинофестиваль де ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен өтуде. Онда біздің жаңа фильмдеріміз көрсетілуде», - деді ол.

Айта кетейік, кинофестивальдің конкурстық тізіміне 12 фильм енгізілген. Олардың арасында Қазақстан, Жапония, Ирак, Оңтүстік Корея, Эстония дәне басқа да елдер режиссерлерінің еңбектері бар.