Биыл Алматыда жаңадан муниципалды автопарк пен таксопарк құрылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл Алматыда муниципалды тағы бір автопарк пен таксопарк құрылмақ.

Биыл Алматыда жаңадан муниципалды автопарк пен таксопарк құрылады

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Владимир Меренков мәлім етті.

Бүгінгі күні Алматыда жолаушыларға 24 тасымалдаушы қызмет көрсетуде. Онда 2 мың автобус, 46 трамвай мен 191 троллейбус қолданылады. В.Меренковтың айтуынша, тасымалдаушылардың ішінде бұған дейін бір ғана муниципалды автопарк болған еді. Биыл оның қатары толыға түспек. Онымен қоса, жаңадан ашылатын авто және таксопарктердің көліктері газбен жүрмек.

"2011 жылы 200 автобусы бар муниципалды автопарк құрылған болатын. Жеке мердігерлер есебінен тасымалдаушылар автобус паркін жаңартуда жаңадан 371 көлік сатып алған еді. Биыл мамыр-маусым айларында троллейбус паркі жаңа 200 троллейбуспен толықпақ", - дейді В. Меренков.

Басқарма деректеріне қарағанда, тасымалдаушылардың жылжымалы құрамын жаңарту мақсатында жекеменшік қаржыларға сатып алынған автобустардың 98-і жаңа болса, 72-сі екінші нарықтан алынған. 170 автобустың барлығы "Euro - II" стандартқа сәйкес келеді.