Биыл «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Металлургиялық зауытын дамытуға 400 млн. доллар салынатын болады - Елбасы

Бұл туралы бүгін Теміртауда Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қазіргі уақытта компания 2015 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірледі. Ол бойынша қолданыстағы өндірістерді одан әрі жаңғырту және жаңа қосымша қуаттардың құрылысын салу көзделіп отыр. Комбинаттың стратегиялық даму жоспарында прокат өндірісінің көлемін жылына 6 млн. тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ стратегияда құрыш өндірісін жылына 10 млн. тоннаға жеткізу үшін осындай екінші зауыттың құрылысын салу жоспарда бар. Биыл комбинатты дамытуға 400 млн. доллар салынатын болады», деді жиында Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, бұл «Арселор Миттал Теміртауды»дамыту және жаңғырту жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асырудың басы ғана. «Бір сөзбен айтқанда, бұл комбинат әлі күнге дейін еліміздің қара металлургиясының флагманы болып қалуда. Сіздердің бұл кәсіпорындарыңыз Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жеделдете индустриялық-инновациялық даму жөніндегі стратегияға өзінің лайықты үлесін қосатынына сенімдімін», деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылдар ішінде комбинатты дамытуға бас-аяғы 3,3 млрд. доллар инвестиция салынған.