Биыл Астананың Индустриалды паркінде жалпы сомасы 12 млрд. теңге болатын 4 жоба іске асырылады
АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2011 жылы Астананың Индустриалды паркінде жалпы сомасы 12 млрд. теңге болатын 4 жоба іске асырылады.
Бүгін халықпен есептік кездесуде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов, өзінің бірегей ерекшелігі мен мәртебесі бар Астана үшін оның инвестициялық әлеуеті аса маңызды екендігі атап өтіп, ресурстар мен ірі инвестициялық жобаларды тарту үшін елордада жеңілдіктерді қарастыратын қолайлы жағдайлар жасалғандығын және олар «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аумағында (АЭА) жүзеге асырылып жатқандығын айтты.
«Бүгінгі күні АЭА-ға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн. теңгеден астам. Соның ішінде өнеркәсіптік жобалар АЭА-ның басты буыны болып табылатын - Индустриалды парк аумағында жүзеге асырылуда. Индустриалды парктің аумағында өңдеуші өнеркәсіптің түрлі салалары бойынша барлығы 170 млрд.-тан астам теңгеге 35 жоба енді. Соның үшеуі 13,5 млрд. теңгеге жүзеге асырылып, 600-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылды», - деді И.Тасмағамбетов.
Қала басшысы атап көрсеткендей, 2011 жылы парк аумағында 12 млрд. теңгенің тағы 4 жобасы қолға алынады. Атап айтқанда, олар: «Talgo» жолаушылар вагонын, металл құралдарын, жиһаз бен көше шамдары діңгектерін шығаратын кәсіпорындар мен көкөністер сақтау қоймасы.
Жобалардан келетін әлеуметтік-экономикалық нәтиже - 7 мыңға жуық жұмыс орындары ашылып, жылына 100 млрд. теңгеден астам көлемде өнімдер шығарылады.