17:30, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Биыл «Бір ел ? бір кітап» акциясы аясында М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» кітабы насихатталады
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ұйымдастыру комитеті қазақстандықтарға М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» атты жыр топтамасын оқуды ұсынып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында халық жазушысы, Жазушылар одағының Астана қалалық бөлімшесінің жетекшісі Әкім Тарази айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мақсаты оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, қоғамның оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттыру, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы аға буынның туындыларын, әсіресе жастар арасында насихаттау болып табылатын «Бір ел ? бір кітап» акциясы елімізде осымен бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. «2007 жылы көпшіліктің оқуына Абайдың «Қара сөздері» ұсынылды. Оның аясында аудандық, қалалық, облыстық деңгейлерде фестивальдар ұйымдастырылып, мектеп оқушылары Абайдың қара сөздерін сүйсіне жаттады. 2008 жылы әдебиет сүйер қауым М.Әуезовтың «Қилы заман» романын оқыды. Биыл таңдау Абайдан кейінгі ұлы ақын саналатын ? М.Жұмабаевқа түсіп отыр», - деді ол.Ә.Таразидің айтуынша, М.Жұмабаев дүниеден ерте кетіп қалмаса, қазақ әдебиеті бүгінгі күннен әлдеқайда биік деңгейде болар еді. М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» жыр топтамасына арналған акция шеңберінде үстіміздегі жылы 500-ден аса іс-шара өткізілетін болады. Бұлар ? дөңгелек үстелдер, әдеби кештер, жас ақындар клубының отырысы және тағы басқалар. Сондай-ақ ақынның туған жері ? Солтүстік Қазақстан облысында көптеген кездесулер ұйымдастырылады. Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, жазушы Алдан Смайыл мен академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім және белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев қатысты.