Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Биыл елімізде жұмыссыздар саны 1,1 пайызға артуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың соңына қарай елімізде жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайызға артуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елімізде жұмыссыздар саны 1,1 пайызға артуы мүмкін

«Қазақстандағы еңбек нарығының жағдайы және жұмыспен қамтудың қалпына келуі ең алдымен карантин шараларының жеңілдеуіне және төмендеуіне, кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының қайта қолға алынуына, сонымен қатар экономиканың жандануына байланысты екендігі сөзсіз. Жұмыспен қамту процесінің қалпына келуі күрделі болады. Дегенмен, біз Еңбек министрлігі деңгейінде болжам жасадық», - деді министр Үкімет үйінде өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, карантин шаралары маусым-шілде айларында жеңілдетілетін болса, жұмыспен қамтудың толықтай қалпына келуі осы жылдың 4-тоқсанында орын алады.

«Жыл қорытындысында жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдайға дейінгі 4,8 пайызға қарағанда 5,9 пайыз деңгейінде болады. Дегенмен, Үкімет қазірдің өзінде халықты жұмыспен қамту шараларын қабылдады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске қосылып, «Еңбек» бағдаралмасының мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұған қоса, өзге мемлекеттік бағдарламаның әлеуетін ескеріп, 2020 жылы 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамтасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді Біржан Нұрымбетов.