18:51, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биыл елорданың Сарыарқа ауданына қарасты тұрғын үйлер көктемгі қар мен жаңбырдың тасқын суларынан зардап көрмейді
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Биыл Астананың Сарыарқа ауданында көктемгі қар, жаңбырдың тасқын суларына қарсы шараларға қарастырылған қаржы екі есеге арттырылды. Бұл туралы бүгін Сарыарқа ауданының әкімі Сәбилә Мұстафина ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жайында халық алдында есеп беру кездесуінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. С.Мұстафинаның айтуынша, мұндай шешім өткен жылдардан алған тәжірибеден кейін қабылданып отыр. Себебі былтыр Советская, Конституция көшелерінде орналасқан жеке сектордағы үйлер, темір жол желілерінің аржақ-бержағындағы тұрғын үйлер орналасқан алапта жиналып қалған батпақты суды сорғызу шаралары жаздың ортасына дейін жалғасқан еді. «Былтыр жеке сектордағы үйлерді жаңбыр, қар суларынан тазарту мақсатында арықтар ашылып, кәріздік желілер жөнделді. Сондай-ақ 300 метрге жуық құбыр тартылып, қалыпқа келтірілді», дейді ол.
«Осы жағдай бізді алдын ала қамдануға итермеледі. Аталмыш бағдарламаға жеткілікті қаржы қарастырылған», деп атап көрсетті ол.