Биыл «Ең үлкен алма» атағын - «Лазгиев» алма шаруашылығы жеңіп алды

МАТЫ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы жұрты қала күнін ерекше атап өтті. Алатауымен асқақ, сәулетімен сәнді қала тарихындағы айтулы күн - ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, сән-салтанатымен өтті.
None
None

Өз қаласының тойын тойлауға қала тұрғындары көп жиналды. Басты мейрам өткен қала орталығында ине шаншар жер болмады.

Мереке «Apple Fest» алма фестивалімен басталды. Фестивальге 37 алма шаруашылығы қатысты. Олар алаңға алманың 30 түрі бойынша, 15 тоннаға жуық алма алып келді.

Мереке аясында «Ең үлкен алма», «Ең тәтті алма», «Ең хош иісті алма», «Сұрыптардың ең көп саны» аталымдары бойынша байқаулар болып өтті. Биыл «Ең үлкен алма» аталымын - «Лазгиев» алма шаруашылығы жеңіп алды. Алманың салмағы 520 грам. Бірақ, өкінішке орай, биылғы үлкен алма, өткен жылғы салмағы 570 грам болатын алманы жеңе алмады.

Ең дәмді де, тәтті алманы өсірген «Бес қайнар» алма шаруашылығы «Ең тәтті алма» аталымының иегері атанды. Ал, «Ең хош иісті алма» атағына - «Слава» сорты лайықты деп танылды. Ол алманы өсірген «Сабыржан» алма шаруашылығы.

Фестивальде алманы ең көп сортын ұсынған «Сапар» шаруашылығы «Сұрыптардың ең көп саны» аталымының жеңімпазы атанды. Шаруашылық мерекеге алманың 23 сортын әкелген. Жеңімпаздардың барлығы диполомдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Шара барысында қала жұртшылығы мен қонақтарына «Шарлотка» деп аталатын алып алма бәліші ұсынылды. Мерекелік бәліштің ұзындығы - 2 метр.

Алаңның оң жағында қолөнер шеберлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Алматы қаласының қол өнер шеберлері қатысты.

Мерекелік шара кеш батқанға дейін Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Қала күні отшашумен аяқталды. Концерттік бағдарламалар қаланың барлық ауданында болып өтті.

Соңғы жаңалықтар