Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтарының тағы да 148 терезесін ашу жоспарлануда

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ - «Алыс елді мекендердегі тұрғындарға сапалы және өз уақытында мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында 2008 жылы «Қазпошта» АҚ-ның пошталық байланыстың типтік бөлімшелерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) шамамен 100 терезесі ашылды, 2009 жылы тағы да 148-ін ашу жоспарлануда.
None
None
Осылайша өңірлердің тұрғындары аудан орталықтарына шықпай-ақ, ХҚКО қызметін ала алады. Сонымен бірге елдің барлық тұрғындарына мемлекеттік қызметтерге тең колжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда» Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейтмағамбетоваға Премьер-министр Кәрім Мәсімовтен келген жауапта осылай атап өтілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, депутат желтоқсан айында Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Жуырда сол сауалға Премьер-министрден жауап келді. Әуелі депутат Г.Сейтмағамбетованың сауалына тоқталсақ, халыққа қызмет көрсету мәселелерін жақсарту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізіліп жатқанын жазады. «Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) кемшіліксіз болмаса да, ірі қалаларда өзінің тиімділігін көрсетіп жатқаны баспасөздерде, халықпен кездесулерде айтылып жүр. Бірақ осы ХҚКО-ның аудандардағы қызметі керісінше, бұрынғы жағдайдан кері кетушілік болып шықты. Мұны біз жақында өңірлерді аралаған кезде көзімізді жеткізіп қайттық. Сайлаушылармен кездесулерде осы ХҚКО қызметтерінің тиімсіздігіне байланысты шағым өте көп айтылды. Яғни, осы саладағы өзгерістерді енгізер алдында оның халыққа тигізер әсерлері жан-жақты терең зерделенбеген, жергілікті жерлердің ерекшеліктері ескерілмеген. Айталық, ауыл әкімінің функциясындағы көрсетілетін кейбір мемлекеттік қызмет түрлері (туу туралы куәлік, қайтыс болғандығы туралы куәлік, басқа да түрлі анықтамалар мен куәліктер, үй кітабы т.б. құжаттарды рәсімдеп беру) Әділет министрлігінің ауданда орналасқан ХҚКО берілген. Соның нәтижесінде қызмет көрсетуді халыққа жақындатудың, құжат айналымын оңайлатудың орнына, керісінше, оны қайта күрделендіріп жіберген, шектен тыс бюрократиялық жасанды кедергілер жасалған. Өңірлердегі аудан мен ауылдар арасы кейбір жағдайларда 200-300 шақырымға дейін қашықта орналасқандығын ескерер болсақ, ауыл тұрғыны қажетті құжат алу үшін қаншама қаржысы мен уақытын жоғалтатынын есептеу қиын емес. Мысалы, жаңа туған нәрестеге мемлекет төлейтін жәрдемақыны рәсімдеу үшін оның анасы ауданға кемінде 4-5 рет келуі тиіс. 1) баланың тууы туралы куәлігін алуы керек; 2) сосын баланың РНН құжатын жасатуы тиіс; 3) содан кейін барып қана баланың СИК құжатын жасауға арыз қабылдайды; 4) одан әрі банкте тиісті шотты ашуы тиіс, осылардың бәрін нәрестенің анасы тек өзі ғана жасауы тиіс. Осы құжаттардың әрқайсысына жас ананың кемінде 10?20 күнге дейін, тіпті бір-екі айға дейін алтын уақыты кетеді. Алғашқы құжаты дайын болмаса, келесі құжаты рәсімделмейді, яғни жәрдемақы тағайындалмайды. Жәрдемақы құжат толық жасақталған кезден және арыз берілген күннен бастап қана тағайындалады, яғни, 4-5 ай бойына ол отбасы балаға мемлекет төлейтін заңды қаражатын жоғалтады. Жас ана осы құжаттарды толық рәсімдеу үшін ауданға әрілі-берілі кемінде төрт, бес рет келіп, кетуге мәжбүр болады. Халық әрбір құжатын алу үшін осылай ауыл мен аудан ортасында сандалып жүр. Сонда мұндай өзгерістер кім үшін жасалып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Бұрынғы жүйеде осындай құжаттар рәсімдеудің барлығын ауыл әкімі атқарып отырған, оны өзгертетіндей ешбір қажеттілік болған жоқ, ол ауыл тұрғындары үшін әрі тиімді де, қолайлы еді. Сол бұрынғы жүйені қалпына келтіруді ауыл тұрғындары талап етіп отыр, осы жанайқайларын Үкіметке жеткізуді менен сұраған болатын. Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында осындай ойланбай жасаған «жаңалықтардан» ауыл халқы зардап шегуде және бұл олардың орынды наразылығын туғызып отыр. Түптеп келгенде бұл бюрократиялық өзгерістер халықтың мемлекеттік билікке сенімсіздігіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселенің әлеуметтік маңыздылыған ескере отырып, ХҚКО-ның ауылдардағы қамтып жасап отырған қызметінің нәтижесіз екендігін мойындаумыз қажет. ХҚКО-ның қызметін тек аудан орталықтарында қалдырып, ауыл, кент әкімдеріне бұрынғы атқарып келген функцияларын қайта жүктеу қажет деп ойлаймын. Депутаттық сауалды қарап, шешім қабылдауыңызды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына көзделген тәртіппен жауап беруіңізді сұраймын», - дейді Г.Сейтмағамбетова. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің депутат сауалына берген жауабында «ҚР Әділет министрлігінің мемлекеттік мекемелерін ? халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру туралы» Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы қаңтардың 5-індегі қаулысына сәйкес барлық облыстық орталықтар, Алматы және Астана қалалары, сонымен қатар аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) құрылып, жұмыс істеп жатқанын жазады. ХҚО қызметінің негізгі мақсаты «жалғыз терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және ресімделген құжаттарды беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады. Қазіргі уақытта ХҚО арқылы Әділет, Қорғаныс министрліктері және жер қатынастары аясында көрсетілетін 25 мемлекеттік қызмет түрлері қамтылған. Тууды, атын, әкесінің атын ауыстыруды, некені бұзуды тіркеу сияқты Әділет органдарының жекелеген қызметтері баламалы негізде көрсетіледі, яғни, осы қызметтер ХҚО арқылы да, АХАЖ органдары арқылы да тікелей көрсетілуі мүмкін. «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 164-бабына сәйкес азаматтық хал актілерін тіркеуді АХАЖ бөлімдері жүргізеді. Ал ондай орындары жоқ жергілікті жерлерде бұл жұмысты қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтың әкімі ұйымдастырады. «Осыны ескере отырып, әділет органдары кейіннен осы округтердің тұрғындарына дайындалған құжаттарды беру үшін ауылдық (кенттік) округтердің әкімдерінің тууды, қайтыс болуды, некеге тұруды және әкелікті анықтауды тіркеуге толық құжаттар пакетін аудандық әділет органдарына ұсыну және олардың азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді беру тетігін пысықтады. Сондықтан да азаматтарға тууды және некені тіркеу үшін аудандық әділет органдарына барудың керегі жоқ, салтанатты неке қию салтын әкімнің өзі дербес іске асыруға құқылы. Осы ережелер «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс кобасының 176-бабында айтылған, оған сәйкес АХАЖ қызметі жоқ ауылдық кенттік округтің әкіміне құжаттарды жинау және оларды аудандық әділет органдарына тіркеу үшін беруді ұйымдастыру жүктеледі», - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Соңғы жаңалықтар