Биыл Қазақстанда 82 млн. тонна мұнай мен газ өндіру жоспарлануда
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы елімізде 82 млн. тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарланады. Бүгін Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен өткен Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.
Сөз арасында биылғы жоспарда елімізде стратегиялық жоспар бойынша 82 млн. тонна мұнай мен газ өндіру межеленгенін айта келе: «Біз бұны негізді жоспар деп ойлаймыз және оған толық қол жеткіземіз», - деп атап өтті.
Тоқтала кететін жайт, 2012 жылы еліміздегі өндірілген мұнай мен газ конденсатының мөлшері 79,2 млн. тоннаны құрады. Бұл ретте экспортталған мұнай мен газ конденсаты 68,616 млн. тоннаға жеткен. Жалпы, министрдің айтуынша, 2012 жылдың көрсеткіштері 2011 жылдың есебінен көп айырмашалықта болған жоқ.
Бұдан бөлек, министр Сауат Мыңбаев былтырғы 2012 жылы көктемгі егіс науқаны мен күзгі-жиын-терімде шаруаларға төмендетілген бағамен дизель отынын жеткізу 100 пайызға орындалғанын айтты. «2013 жылы да жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырамыз», -деп сендірді министр.