Биыл Қазақстанда 850 мың тонна дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Қазақстанда дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
«Көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады. Мәселен, былтыр наурызында Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, дизель арзандаған болатын. Осы орайда Ресеймен шекаралас жанармай құю станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық. Демек, Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды. Алайда, бір айдан кейін көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында оның тапшылығын қайта көрдік», - деді Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл да көрші елдермен салыстырғанда отын бойынша баға айырмашылығы сақталып отыр.

«Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған Қазақстан дизельінің көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна тапшылыққа тап болуымыз мүмкін. Бұған дейін тапшылықты өндіру көлемін арттыру арқылы жауып отырсақ, қазір отандық мұнай өңдеу зауыттары ең жоғары қуытында жұмыс жасап тұр. Алдағы 6 жылда дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ (Шымкент зауытын кеңейткенше). Аталған себептерге байланысты Қазақстан арзан отынмен басқа елдердің экономикасын субсидияландырып, ұлттық мүдде тұрғысында шығын келіп жатыр деп айтуға толық негіз бар», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы өседі.

ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елімізде жанармай бағасының өсуіне қандай себептер әсер етіп отырғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар