11:35, 13 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бойынша жоспар орындалмауы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі біршама азаюы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндіру бағытында біршама түзету енгізілуі мүмкін. Жыл соңына дейінгі жоспар бойынша 90,5 млн тонна мұнай өндіру қарастырылған. Биылғы 8 айдың қорытындысына қарасақ, жоспарлы деңгейге жетпей жатырмыз. Алайда жыл соңына қарай белгіленген көрсеткішке жетуге тырысамыз», - деді А. Хасенов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның пайымынша, 90 млн тонна деңгейіндегі жоспар орындалмаса да, шамамен 89 млн тонна мұнай өндірілуі мүмкін.
«Еліміздегі ірі жобалар бойынша тиісті техникалық жұмыстар атқарылып жатыр. Олар бұл іс-шараларды тез арада аяқтаса, онда мұнай өндіру көлемі артады. Жалпы, биыл 90,5 млн тонна өндіру керекпіз, бірақ бұл көрсеткіш сәл азаюы ықтимал», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қарашығанақта мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі қысқарды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2023 жылға арналған мұнай өндіру жоспары – 90,5 млн тонна, ал экспорт көлемі – 71 млн тонна.