Биыл Қазақстанның 8 мыңнан астам ер азаматы әскери даярлықтан өтеді

Әскери міндеттілерді даярлау Қазақстанның түрлі өңірлерінде орналасқан бес оқу-жаттығу орталығында жүзеге асырылуда. 2013 жылы барлығы сегіз мыңнан астам азамат «Әскери міндеттілерді әскери оқу-жаттығу жиындарына шақыру туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес даярлықтан өтеді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 800-ден астам әскери міндетті әскери жиыннан өтті. Оның ішіндегі үш жүз жас жігіт бұрын Қарулы Күштер қатарында қызмет өткермеген. Әскери қызмет тәжірибесі жоқ азаматтарды даярлау Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған. Бір ай бойы жиынға шақырылған азаматтар әскери пәндерді зерделеп, саптық және атыс даярлығының негіздерімен танысады. Бір ай бойы өтетін даярлық әскери ант қабылдаумен аяқталады.
Өз уақытында ант қабылдап, белгілі бір әскери мамандықтың иесі болғандар даярлау және қайта даярлау бағдарламасы бойынша оқып үйретілетін болады. Азаматтардың бұл санаты Тараз, Ақтау, Семей қалаларындағы, Алматы облысының Қараой кентіндегі оқу-жаттығу орталықтарында әскери жиыннан өтеді.
2013 жылдың соңына дейін жеті мыңнан астам адам жиындарға қатысады. Дайындалып, оқытылған осы азаматтар әскери оқытылған резерв құрамына енетін болады.
Оқу-жаттығу жиындарына екі айға дейінгі мерзімге әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады. Оқу-жаттығу жиындарының арасындағы кезеңдерде он бес күн мерзімге дейінгі тексеру жиындарына шақырылуы мүмкін.
Запаста болу уақытындағы жиындардың жалпы мерзімі он сегіз айдан аспауы тиіс. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзіміне тексеру жиындарында болған уақыт та қоса есептеледі. Солдаттар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) үшін әскери қызметшілер запаста болуының шекті жасы елу жасқа дейін, ал офицерлік құрам үшін - алпыс жасқа дейін.
Әскери оқу-жаттығу жиындары кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа айлық жалақысы, ал жұмыс істемейтіндерге ең аз жалақы мөлшері төленеді.