Биыл Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің туғанына 80 жыл

Міне, осындай өнер тұнған өлкеде болашақ әнші дүниеге келді. Ана әлдиімен бойына дарыған асыл қасиет, ес білгелі ағаларынан естіген әсем ән бала қиялын асқақтататып жіберетін. Ауыл ақсақалдарының таңға жырлайтын қисса-дастандары оның жадында біртіндеп жаттала береді.
Бұл исі қазаққа өнерімен танымал, Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің /1936-1997/ балалық шағынан айтылған бір үзік сыр.
Мәдениет Сейітжанұлының өнер жолына түсуіне отбасындағы әкесі мен ағаларының әсерінің көп болғаны жайлы, ұстазы Жүсекең жайлы өзінің ойын еске түсірейік:
«Әрине, менің әншілік жолымды таңдап алуыма әкем Сейітжан мен ағаларым Қабылаш пен Қапездің шеттерінен домбыра тартып, гармонь, баянда ойнауы, ән салуы үлкен әсерін тигізді. Мен өзімді туа әнші бола бастадым. Жас кезімде ауыл арасындағы той-жиындарда ағаларыма еріп, ән салып жүрдім.
Өнерді жүре үйрендім. Менің ең қымбатты ұстазым Жүсіпбек Елебеков еді. Ұстазымның мектебінен өтуім аса үлкен уақиға болды. Әнші ағаның тәлім-тәрбиесі, талмай сіңірген, әкелік қамқорлық жасаған күндері мен үшін ұмытылмайтын сәттер...», -деп жазады Мәдениет Ешекеев.
Көркемөнерпаздардың аудандық және облыстық байқауы болып, Мәдениет Ешекеев Алматыда өтетін Республикалық байқауға қатысады. Сол жолы әділқазылар алқасында Қазақтың майталман әншісі, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков те бар еді. Ол кісі Мәдениетті қамқорлығына алып, гастрольдық сапарға үнемі бірге ертіп жүрді. Ұлағатты ұстаз, майталман әнші Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың шәкірті жайлы алтын қорымызда сақталған ойын қағазға түсіріп ұсынып отырмын:
Жүсіпбек Елебеков: Мәдениеттің тәуір жері айтып отырған әнінің мән-мәнісін жете түсінеді. Ол әнді жан-тәнімен беріле айтуға тырысады. Әрине, Мәдениет - әлі жас. Оның болашағы үлкен. Алда да өнерді жалықпай үйреніп жақсы атағымен ел-жұртты қуандыруға сенемін. Ал өзі басым Мәдениеттей шәкіртімнің болғанын мақтан етемін...
Бұл Мәдениет Ешекеевтің өнер жолына жаңадан түскен кезінде айтылған ой болатын. Мәдениет Сейітжанұлының бала кезден бірге өскен жан жолдасы семейлік сазгер Арғынбек Ахметжанов көзбен көргенді сол қалпында жеткізуге тырысты. Арғынбек: «Мәдениет бала кезінен дүние тіршіліген икемсіз болды. Аса дархан, кішіпейіл де жаны таза жан еді. Он алты жасынан трактор айдады. Жер жыртқанда қолына таяқ ұстап күні бойы ән салатын. Жүсекең айтқан әндерді айтып, сол кісіге еліктейтін. Өз кезінде республикалық байқауларға қатысқанда Жүсекең әншілігін ұнатып қасына ерткен-ді», - дейді.
Ендеше, «Қазақконцертте» біраз жыл еңбек етті. Семейге кетуінің сыры неде екен?
Арғынбек Ахметжановтың айтуынша, ол жерде істегенмен үй бұйырмады. Семейдегі облыстық филармонияның директоры Мархаба Есболатова Мәдениетті шақырып алып үй берді. Бүгінде аты шыққан әншілер өз кезінде Мәдениеттен үлгі алды. Солардың ішінде Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов, Толу Сембаевтар бар.
Мәдениет Ешекеев еңбек жолын 1957-1964 жылдары Семей облыстық филармониясында бастап, 1965-75 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде, ал 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық филармониясында еңбек етті.
Мәдениет Сейітжанұлының орындауындағы халық әндерімен қоса, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ пен Абай әндері - халықтық ән мұрамызға қосылған баға жетпес қазына. Біздің алтын қорымызда Мәдениет Ешекеевтің отызға жуық әні сақталған.
Мәдениет Ешекеев - Жүсекеңнің алдынан дәріс алмағанмен өнер сапарында бірге жүріп үйренген әнші.
Жүсекең өзі де әнді тебірене отырып орындаушы еді. Ал шәкіртттерінің өзіндей ерекше сезіммен, түсінікпен айтқанын, әр әннің иін қандырып орындағанын ұнататын. Әсіресе, домбыра ойнаудағы шеберлікке баса көңіл бөлуші еді. Ұстаз шертіп тартқанда өзі ғана білетін құпияны үйретуші еді.
Мәдениеттің өзіндей орындаған сырлы да назды әніне Жүсекең әркез риза болатын. Ұстаздан шәкірт озған сәттерде іштей қуанатын -ды.
Мен Жүсекеңнің ең соңғы шәкіртімін. Сондықтан болар ұстаздың алдынан дәріс алған шәкірттер бір-бірімізге бауыр, аға-іні, қарындастай сыйласатынбыз.
Мәдениет аға талай рет ән сапарымен Алматыға келгенде жолығып, әңгіме-дүкен құратын едік. Әркез радиоға шақырып «хабар жасайық» дегенде бір сәті болмады. Ол кісі үнемі асығыс келіп-кететін. Соңғы рет көргенімде «келер жолы асықпай келем» деген еді. Өкініштісі, қайта қауышуға жазбады...
Мәдениет Ешекеев - жер бетіне келгендегі өзінің адами борышын абыроймен атқарған, қара басының қамын ойламай бар өмірін өнер жолына арнаған хас шеберлеріміздің бірі. Ол жан-дүниесінің ләззатын осы бір сырлы әуендерден тауып, жас баладай шаттанатын.
Мәдениет Ешекеев өмір бойы өнер деп жүріп үйленбей өткен адам. Артында тұяқ та қалмады.
Тумысынан асып-тасуды білмейтін қарапайым да салмақты, жүрген ортасында сыйлы жан артына өшпес рухани із қалдырды. Мәдениет салған әсем ән келер ұрпаққа жетер баға жетпес өміршеңдігімен ерекше.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі
Жүсіпбек Елебековтің соңғы шәкірті Алтын Иманбаева