«Биыл киік қатыгездікті көтермес» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Биыл киік қатыгездікті көтермес» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында киік атты дала жануарының көктем басталысымен жаңа қауіптерге тап болатынын жазуда. Соның бірі - адамдар.

«Сәуір басталысымен Бетпақдала мен Сарыарқаға киіктер де келіп жетеді. Қостанай облысының Қарасу, Амангелді, Жангелдин, Наурызым, Әулиекөл аудандары киіктің жолында жатыр. Өткен жылы Қазақстанның киік үйірлері жайылатын үш облысы аумағында 150 мың бас «дала сұлуы» қырылды. Соның 129 мыңы Қостанай облысынан саналды. Айтпақшы, былтыр келеңсіз жағдайдан кейін киіктің қаншасы тірі қалғаны әзірге белгісіз. Ол Қостанай облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы сәуір-мамыр айларында киіктерге санақ жүргізген соң анықталады», - делінеді «Биыл киік қатыгездікті көтермес» атты мақалада.

Газеттің жазуынша, браконьерлер түз аңының қырылып жатқанына қарамастан, оның мүйізіне бола өздерінің «жорықтарын» азайтпаған болатын. Енді ол үрдіс тіпті тыйылмаса, мамонттармен дәуірлес «дала ботагөзі» жойылып кетуі ықтимал.

«Әдетте, ақбөкен жылда өзінің келу-кету жолын, төлдейтін мекенін өзгертпейді екен. Алайда, биыл қардың көптігінен су тасығандай болса, олар жылдағы орнынан ығысуы ықтимал. Мұның өзі киіктерді бақылау жұмысын қиындатуы мүмкін. «Даланың ботагөзіне» сұқ көзін қадаған дала тағысы мен адам тағысы тағы бар. Өткен жылы қырылып жатқан киіктің өзіне оқ атқандардың төрт оқиғасы тіркеліп, олардан 30 киіктің өлексесі табылған болатын. Мұның сыртында полицейлер киік мүйізін сатудың 14 фактісін тіркеді. Биылғы киіктің үйірі мұндай қатыгездікті көтерер ме екен?» - деп жазады басылым.

***

Мемлекет дағдарысқа қарсы күрес аясында қаржы секторына қатысты талапты күшейтті, деп жазады «Айқын» басылымы.

«Енді банктердің оңды-солды кредит таратып, жұмыс жасамайтын заемдар көлемін арттыруына жол берілмейді. Ол ол ма қажет деп тапса, Ұлттық банк тәртіп бұзатын коммерциялық банктің бірінші басшысын орнынан кетіре алады. Осылайша, ол қаржылық ұйым жағдайының нашарлауының алдын алмақ. Бұл туралы кеше сенаторларға Ұлттық банк басшылығы мәлімдеді», - делінген «Қосымша миллиардтар - әлеуметтік салаларға» атты мақалада.

«Осы күні Жоғары палатада 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтыланған жаңа жобасының тұсауы кесілді. Әлемдегі дағдарыстық құбылыстардың ары қарай өрістеуіне орай ел Үкіметі де биылғы басты қаржылық құжатты қайта қарауға және бюджеттік шығыстарды оңтайландыруға мәжбүр. Бір ғажабы, сонымен бірге әлеуметтік салаларға жұмсалатын қаржы көлемі миллиардтап артуда», - дейді басылым.

***

«Түркістан» басылымының хабарлауынша, балаларына алимент төлеуден қашатын «көкек» әкелермен күрес енді халықаралық деңгейде жүргізіледі.

Парламентте талқыға түскен арнайы заң жобасы әкенің қаржысы мен қамқорынан қағылған балалардың құқығын қорғайды.

«Ажырасқан отбасылар көп қазір. Балаларына алимент төлеуден қашатын «көкек әкелер» де. Бірнеше жылдан бері күн тәртібіне шыққан «алимент төлеу» мәселесі енді халықаралық деңгейде шешілмек. Атап айтқанда, «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасына сәйкес, Қазақстан 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен балалар алиментін өндіріп алу мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатады», - делінген «Көкек әкелермен» күрес халықаралық деңгейде жүргізіледі» деген тақырыппен берілген мақалада.

Жесір аналар мен тірі жетім балалардың құқығын қорғауға құлшынған белсенді топ өкілдері мемлекеттік алимент қорын құрсақ дейді. Алименттен қағылғандар аталған қорға жиналған ақшадан қамтамасыз етіледі.

«Бір жағынан алғанда, бұл жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі саналады. Яғни, жұмыссыз жүргенін сылтауратып, алимент төлеуден қашатын әкелерге арнайы бағдарлама бойынша жұмыс тауып беріп, алимент төлетеді. Ал жұмысы барларды мәжбүрлейді. Екіншіден, дәл осындай қордың арқасында мыңдаған бала жетімдер үйіне өткізілмей, отбасында тәрбиеленеді. Күйеуімен ажырасқан әйелдердің көпшілігі балаларын асырай алмай, жетімдер үйіне өткізуге мәжбүр болатыны белгілі. Егер мемлекеттік алимент қоры құрылса, әр балаға 30 мың теңгеден алимент төленеді. Ал жетімдер үйіндегі бір көгенкөзге ай сайын 168 мың теңге бөлінеді екен. Демек, мемлекеттік қазынаға түсетін салмақ та азаяр еді», - делінеді аталған материалда.

***

«Рухы мықты, мақсаты биік қызылордалық 15 жылдан бері мүгедектік - жігер түсірудің себебі емес екендігін дәлелдеп келеді», - деп жазады «Казахстанская правда» басылымы.

Газетте атап көрсетілгеніндей, мүгедек болып қалған Қазақстанның жеңіл атлетикадан бірнеше дүркін чемпионы Алмат Манабаев бүгінде үш жұмыста істеп, спортта да үлкен жетістіктер көрсетуге үлгеруде.

«Қызылорда облысында Махамбетов ауылында тұратын Қазақстанның жеңіл атлетикадан және отырып ойнайтын волейбодан бірнеше дүркін чемпионы Алмат Манабаевтың әулеті оның берік арқасына арқа сүйеуде десе де болады. Биыл ол өзінің 38-ші наградасын ұтып алды, жұмыспен қамту жобасына қатысып, оқытудан өтті және үшінші жұмысқа орналасты. Жеке көлік сатып алып, жер учаскесіне ие болды, онда ол үлкен үй салуды жоспарлап отыр», - делінген «Это наша мужская обязанность» атты мақалада.