15:00, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Биыл мемлекеттік сатып алулардың 50 пайызы электрондық сауда арқылы жасалады ? Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы
АЛМАТЫ. Ақпанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл мемлекеттік сатып алулардың 50 пайызы электрондық сатып алу әдісімен жасалады. Оны Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова бүгін Алматыда өткен мемлекеттік сатып алу және электрондық сауда тәртібін түсіндіруге арналған алқалы жиында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Электрондық сатып алуды тәжірибелік қолдану Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Қаржы министрі Болат Жәмішев қол қойған меморандум бойынша жүзеге асырылуда. Маусым айының аяғында оның алғашқы, ал одан кейін түпкілікті қорытындысы жасалады. Онда министрлік берілген тапсырманы жүзеге асыра алды ма, жоқ па деген сұраққа баға беріледі. Алдағы міндет - ағымдағы жылы бағалық ұсынымдардың 50 пайызын, ал келесі жылдан бастап барлық бағалық байқауларды 100 пайыз электрондық сатып алу әдісімен өткізу болып отыр», дейді Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова. Наталья Артемовнаның айтуынша, енді қаржы министрлігі әкімдіктермен, ал әкімдіктер кәсіпкерлермен осындай меморандумдар жасамақ.