Биыл «Нұрлы жол» аясында Астанаға 21 млрд. теңге қарастырылды - Б.Сапарбаев

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тек биылға 700 млрд. теңгеге тарта қаржы қарастырылған. Оның ішінде Астана қаласы бойынша 21 млрд. теңге игеріледі. Атап айтқанда, бағдарлама бірқатар негізгі шараларды қамтып отыр», - деп тоқталды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Әлемдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда әлеуметтік саладағы шығыстар қысқармағанына тоқталған ол: «Тек биылға әлеуметтік салаға 4 трлн. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Астанада республикалық бюджет есебінен әлеуметтік маңыздағы 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдармен жүз пайызға қамтамасыз ету қажет», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, республика бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 79 пайызды құраса, ал Астанада 58 пайызға жетті.
Осы проблеманы шешу үшін елорда бойынша үш балабақшаның құрылысын бастау және 11 мектепке дейінгі ұйымның құрылысын аяқтау көзделген.