Биыл ОҚО-да 3 инвестициялық форум өткізіледі

«Қадірменді халайық! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мені қабылдау кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына тартылатын инвестиция көлемін көбейтуді тапсырғанын естідіңіздер. Жалпы, облысымыз инвестицияға тартымды өңір болып табылады. Енді біз Елбасының тапсырмасын тиянақты түрде жүргізу үшін бұл бағытта жаңа жобалар жасап отырмыз», - деді өңір басшысы.
Жұмыстарды жандандырып, жолға қою үшін жыл соңына дейін 3 инвестициялық форум өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан Жансейіт Қансейтіұлы оның біреуі ақпан айының басында «Қазақстан-Түркия» инвестициялық форумы ретінде өткенін еске салды. 70 компанияның жетекшілері қатысқан шара аясында 4 ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын.
Облыс басшысының мәліметінше, келесі екінші форум сәуір айында өтпек. Онда Қазақстан мен Сауд Арабиясы елдерінің 40-тан компаниясынан келген өкілдердің қатысуымен екі жақты кездесу ұйымдастырылатын болады. Ал мамыр айында «Оntustik Іnvest-2017» халықаралық инвестициялық форумы жоспарланып отыр. Оған 30 мемлекеттен 700-ге жуық делегат қатысады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, аймақ әкімі машина жасау, туризм, ауыл шаруашылығы, тоқыма, «Ақылды қала» салалары бойынша ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу мақсатында Германия, Ұлыбритания, Грузия, Испания, Италия, Түркия, Ресей және т.б. мемлекеттеріне ресми сапар жоспарланып жатқанын жеткізді.
«Мұндай шаралар өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, жаңа әріптестік қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Біз инвесторлардың Оңтүстікте орнығуы үшін барлық көмегімізді ұсынамыз», - деді Ж.Түймебаев.