Биыл Орал қаласында 4200 бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттайды
ОРАЛ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биыл Орал қаласында 4200 бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Білім ордаларына алғаш баратындар үшін мектеп киімі тарту етілді, бұған 14,8 млн. теңге жұмсалды. Мектепалды даярлық мәселесі де ерекше назарда. Балабақшалар өз алдына, төрт жастағылар үшін қаланың 18 мектебінде 30 шағын топ ашылған.
Биыл қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 423 миллионнан астам теңге бөлінді. Осы қаржыға логопед кабинеттері жасақталып, асхана жабдықтары, спорттық құралдар алынды. Сондай-ақ республикалық бюджет қаржысына 4 мультимедиялық, 11 биологиялық кабинет әкелінді. «Жол картасына» сәйкес №1 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, іші-сырты бірдей жаңарды. Бұл мақсатқа 140 миллионнан астам теңге кетті. №38 мектептің лицейге айналуына байланысты содан ауысатындарды есептегенде, №1 мектеп 1200 оқушыны қабылдамақ.
Қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Айжан Сүлейменованың сөзіне қарағанда, 10-11 сыныптар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша оқитын болады. Сондай-ақ биыл алғаш рет «Өзін-өзі тану» пәні оқытылмақ. Осы мақсатқа 40 мың дана оқулық алынып, 100 мұғалім арнайы курстан өткізілуде.