Биыл орталық пен өңірлер арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мемлекет басшысының Қазақстан-2050 даму стратегиясында айқындалған мемлекеттік басқару реформасының мәселелері бойынша Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен кеңес өтті.
Кеңеске Үкімет мүшелері, Парламент палаталары спикерлерінің орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің басшылығы, орталық мемлекеттік органдардың, Астана мен Алматы қалалары, облыстар әкімдерінің аппарат басшылары, облыстық ішкі саясат басқармаларының бастықтары қатысты.
Кеңеске қатысушылар мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың алдағы реформаларын талқылады. Бауыржан Байбектің пікірінше, бұл реформалардың басты мақсаты - әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру бойынша меморгандар жұмысын түбегейлі жақсартуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау болып табылады. Осы мақсатпен 2013 жылы орталық пен өңірлер арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады. Жоғары әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің корпусы қалыптасады, сондай-ақ ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілетін болады. Сонымен бірге, жиын барысында халық арасында алдағы реформалардың негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңыздылығы атап айтылды. Кеңестің қорытындылары бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға қажетті ұйымдастыру іс-шаралар дайындығын бастау тапсырылды.