16:42, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Биыл республика бойынша жалпы аумағы 17,8 млн. гектар жерге егін егіледі ? Ауыл шаруашылығы министрлігі
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биыл республика бойынша жалпы аумағы 17,8 млн. гектар жерге егін егіледі. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылық департаментінің мәліметтеріне сәйкес, биылғы көктемде республика бойынша жалпы аумағы 17,8 млн. гектар жерге егін егіледі. Оның ішінде 16 млн. гектарға астық және бұршақ дәнділер себілсе, бұның 13,3 млн. гектарын жаздық бидай құрайын деп отыр. Бұл көрсеткіштің өзі көпжылдық орташа деңгейден 1,2 млн. гектарға артық», деді А. Евниев. Вице-министрдің айтуынша, биыл соңғы үш жылмен салыстырғанда мақта егісінен басқа барлық дақылдар бойынша егін егу көрсеткіші жоғары болады. «Мақта өсімдігіне қатысты егісті оңтайландыру бірқатар себептерге байланысты туындап отыр. Атап айтқанда, халықаралық рынок зерттеулері соңғы жылдары мақта өнімдеріне сұраныстың азайып кеткенін көрсетті. Оның үстіне, былтырғы жылы мақтаны сатуда бірқатар қиыншылықтар болғаны белгілі. Сондықтан да, мақта егісі алқабын тарылта отырып, соның есебінен жемшөптік дақылдарды егу жоспарлануда», деді А. Евниев.