18:09, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биыл талапқа сай келмейтін судьяларды қызметінен босату бағытындағы жұмыс жалғасатын болады ? Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Былтыр судьяларды ауыстыру және осы қызметке екінші рет тағайындалған сот төрағаларын орнынан босату бағытындағы жұмыстар атқарылған болатын.
Ағымдағы жылы бұл жұмысты аяқтау қажет. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот кеңесінің бірінші отырысында төраға Оңалсын Жұмабеков осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеңес отырысында атқарылған жұмыстар пысықталып, еліміздің Ата заңы аясында сот жүйесін одан әрі дамыту және сот корпусын қалыптастырудың негізгі қағидаттары талқыға салынды. Сондай-ақ кеңес мүшелері жергілікті жерлердегі сот төрағалары мен судьяларды тағайындау және босату жөніндегі ұсыныстарды қарады. 2008 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған Жоғарғы сот кеңесінің осы уақытқа дейін төрт отырысы өтті. Онда 2 жылда жауапқа тартылған судьялардың ісі қаралды. Осының нәтижесінде облыс соттарының алқа төрағалығына 6 кандидатура және орнынан түсуіне байланысты 16 адам судья қызметінен босатуға ұсынылды. 32 бос орынға конкурс өткізіліп, оған 111 кандидат қатысты. «Қазіргі уақытта Жоғарғы сот кеңесі Жоғарғы сотпен бірлесе отырып, 2008 жылы Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік және сот кеңестерінде берген тапсырмаларына орай сот жүйесін нығайтуға, соттар беделін көтеруге, судья мамандарын іріктеу жұмысының сапасын және оның барынша ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүргізуде. Алдағы уақытта бізге талапқа сай келмейтін судьяларды тағайындауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізудің тәртібін анықтау қажет. Былтыр судьяларды ауыстыру және осы қызметке екінші рет тағайындалған сот төрағаларын орнынан босату бағытындағы жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы бұл жұмысты аяқтау қажет», деді Оңалсын Жұмабеков.