Биыл төрт облыстағы 183,4 мың гектар жерде суландыру жүйелерін қалпына келтіру жобасы жүзеге асады
«Су сіңіру және суландыратын жерлердің суландыру жүйесін қалпына келтіру мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында Ислам даму банкі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен мемлекеттік кепілдік есебінен 106 млрд.теңге (314,1 млн.АҚШ доллары) құрайтын жобаларды жүзеге асыруға қарыздар тарту бойынша жоспар қабылданды. Бұл осы жылы 4 облыста (ОҚО, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстары) 183,4 мың гектар жердегі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді министр Үкіметтегі баяндамасында.
Оның айтуынша, жобаларды іске асыру тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында су пайдаланушылар үшін тарифтік саясатты қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сәйкес, құдықтар мен ұңғымалар арқылы жайылымдарды суландыру үшін құдықтар құрылысын реттеу көзделген.
«Осы мақсатта, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Агробизнес-2020 бағдарламасы бойынша қарастырылған механизмдер шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен ағымдағы жылға және алдағы үш жылдық кезеңге қажеттіліктерді айқындап, жобалар тізбесін және инвестициялық субсидияларға қажеттілік бойынша бюджеттік өтінімдерді ұсыну қажет. «Агробизнес 2020» бағдарламасы шеңберіне инвестордың құдықтар және ұңғымалар құрылысы кезіндегі шығындарының 80 пайызға дейінгі бөлігіне инвестициялық субсидия ұсыну механизмі қарастырылған. 2016-2018 жылдарға арналған бюджетке сәйкес инвестициялық субсидиялауға 2016 жылы - 798,5 млн. теңге, 2017 жылы - 1,6 млрд.теңге, 2018 жылы - 1,6 млрд. теңге қарастырылған», - деді Қ. Бишімбаев.