19:44, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биыл Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан газ құбыры желісінің құрылысы аяқталады - Қ. Қабылдин
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. Қазақпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кезінде ел экономикасының локомотиві болған «ҚазМұнайГаз» компаниясы қаржы дағдарысы жағдайында мемлекеттің қолдауын қажет етіп отыр.

Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде өткен алқа мәжілісінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біздің елімізде енгізілген жаңа салық заңнамасына байланысты Үкіметке айтар уәжіміз бар. Оларды негізгі үш топқа бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі төменгі рентабельді кеніштерге байланысты болып отыр. Бұл мәселе бойынша қазірдің өзінде Үкіметте арнайы қаулы дайындалуда және біз Үкімет өкілдеріне зор үміт артып отырмыз. Сонымен қатар бізде қазір трансферттік төлем көрсеткіштеріне байланысты да бірқатар мәселелер бар. Ал үшінші мәселе салыққа қатысты болып отыр» деді компания президенті. Оның мәліметтеріне қарағанда, биыл Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан газ құбыры желісінің құрылысы аяқталады. «Сонымен қатар біз Елбасының «Бейнеу-Бозой» бағытындағы ішкі газ құбырларын салуға қатысты да міндеттерін назарда ұстап отырмыз. Бұл Өзбекстаннан жеткізілетін мұнайды немесе елімізден импортталатын мұнайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды жоба», деді Қ.Қабылдин.