Биыл жамбылдық оқушылар ҰБТ-да өткен жылғы түлектерге қарағанда жоғары нәтижелер көрсетті

ТАРАЗ. 10 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылғы жамбылдық түлектер ҰБТ-да өткен жылғы мектеп бітірушілерге қарағанда жоғары нәтижелер көрсетті.

Биыл жамбылдық оқушылар ҰБТ-да өткен жылғы түлектерге қарағанда жоғары нәтижелер көрсетті

Бұл туралы баспасөз мәслихатында мемлекеттік комиссияның төрағасы, М.-Х. Дулати атындағы Тараз МУ ректоры, педагогикалық ғылымдардың докторы, профессор Махметғали Сарыбеков мәлім етті.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, аймақта ҰБТ бойынша орташа балл - 75,02. Өткен жылғы көрсеткіш 71,33 балды құраған болатын.

Сыннан өткен 7419 жамбылдық түлектің 497-сі 50 балдық төменгі межені еңсере алмады. Өңірде ҰБТ-да бағын сынаған оқушылардың 79 пайызы 50-ден жоғары балл жинаған.

«Алтын белгіге» үміткер 296 оқушының 119-ы білімдерін дәлелдеді. Ал «Ерекше үлгідегі» аттестатқа үміткер 167 мектеп бітірушінің тек 27-сі ғана сыннан сүрінбей өте алды.

Жамбылдық түлектердің сегізі 120 және одан жоғары балл жинады. «ҰБТ-ның алғашқы күнінде бірінші тараздық гимназияның оқушысы Нәзира Балташева орнатқан рекордты (124 балл) алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша алматылық шәкірт Алтынай Орынбаева ғана қайталай алды. Сонымен қатар №129 мектептің оқушысы Ақзира Боранбаева 122 балды иеленсе, тараздық мектептердің түлектері Зәуре Басыбекова, Едіге Анабек, Богдан Загрибельный, Таурат Джанабеков, Әсел Жүсіпәли және Тұрар Рұсқұлов атындағы аудан мектебінің оқушысы Арайлым Айдарбекова 120-121 балл жинады», - деп атап өтті Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор М.Сарыбеков.