Биыл жас кәсіпкерлерді қолдауға негізделген «Startup «Bolashak» байқауы жалғасады - Қ. Бишімбаев

Атап айтқанда, бұл байқау 2015 жылдың шілдесінде басталып, оған қатысуға 2,1 мың адам өтінім тапсырды. Ұсынылған жобалардың негізгі бағыттары өңдеуші өнеркәсіп, ақпарат пен байланыс, білім және басқа да салаларға негізделген.
«Менің ойымша, байқау өте қызықты өтті. Бұл - біздің бірінші тәжірибе. Осы орайда бұл байқауды биыл да жалғастыруға ниеттіміз және қатысушылардың саны арта түседі деп пайымдап отырмыз. Ең бастысы - елімізде тың идеяларды қолдауға даяр ұйымдар бар және оны біз көрсете алдық», - деді «Болашақ» қауымдастығының төрағасы, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.
Байқау жеңімпаздары өздерінің бизнес-жобаларын дамытуға 30 млн. теңгеден астам грантқа ие болды.
Бұл тұрғыда бірінші орынды оқушыларға арналған қызықты зертхана құру идеясын ұсынған елорда тұрғыны Әділет Елеусов иеленіп, оған 10 млн. теңге сомасында грант табысталды. Екінші орын Алакөл көлінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пансионат ашу бастамасы үшін талдықорғандық Елдос Баялышбаевқа бұйырды (8 млн. теңге). Ал үшінші орынға павлодардық Бақытгүл Қасымова лайық деп танылды. Ол шыныдан жасалған бұйымдарды қайта өңдеу және өндіру идеясы үшін 5 млн. теңге көлеміндегі грантты алды.
Бұдан басқа, «Startup «Bolashak» жобасының серіктес компаниялары қалған 7 финалист ұсынған бизнес-идеяларды дамытуға 500 мың теңгеден бастап 2,5 млн. теңге аралағында қаржылай көмек берді.
Айта кетейік, бизнес-жоспарлар марафоны реалити-шоу үлгісінде түсіріліп, қаңтардан бастап әр жұма сайын «Хабар» телеарнасында көрсетілді.