Биыл Жетісу облысында 11 спорт нысаны қайта іске қосылады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Биыл Жетісу облысында құрылыс басқармасы 11 спорт нысанын қайта жаңғыртып, іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы жылы Алакөл ауданының Лепсі, Достық ауылдарында, Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Сарыөзек ауылы мен Сарқан қаласында стадион, Алакөл ауданының Бескөл, Панфилов ауданының Үлкен Шыған, Пенжім ауылдарында спорт кешендері, Шанханай, Басши ауылындарында күрес залдары, Талдықорған қаласында Орталық стадион қайта жаңартудан өткізіліп, халықтың игілігіне берілуі тиіс. Осы ретте Бескөл ауылындағы спорт кешені мен Басшы ауылындағы күрес залы қолданысқа берілген.

«Ал жуырда Сарқан ауданы Қойлық ауылындағы стадион да ресми түрде қайта ашылды. Жаңа келбетке ие болған орталық стадионда қазір жасанды газоны бар футбол алаңы, жүгіруге арналған резеңке жолақ төселген. Спорт алаңының көлемі – 5 800 шаршым метр. Оны қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 47 млн теңге бөлінген», - делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жалпы Жетісу облысында дене шынықтыру және спортпен айналысуға лайықталған 1 715 нысан бар. Сол сияқты өңірде 262 568 адам спортпен шұғылданады. Бұл – облыс халқының 37,6 пайызы.


Соңғы жаңалықтар