Биылдан бастап орталық және жергілікті атқару органдары қызметтерінің тиімділігін бағалау жүйесі іске асырылады
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылдан бастап орталық және жергілікті атқару органдары қызметтерінің тиімділігін бағалау жүйесі іске асырылады.
Бұл жайында бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Болат Жәмішев мәлім етті.
«2011 жылдан бастап елімізде іске асырылатын жаңашылдық орталық және жергілікті атқару органдары қызметтерінің тиімділігін бағалау жүйесіне байланысты. Оған орталық және жергілікті органдардың бюджеттік қаржыны басқару бойынша қызметтерінің тиімділігін бағалау шаралары кіреді»,-деді министр.
Оның пайымдауынша, бағалаудың бұл жүйесі бюджетті орындау кезінде әкімшілердің нәтижеге жету үшін қандай ұйымдастыру шараларын пайдаланып отырғандығын анықтауға мүмкіндік бермек.
Бұл қызмет Қаржы министрлігіне, оның ішінде Қаржылық қадағалау комитетіне жүктеліп отыр.