Биылғы Ата заң мерекесі бізді ерекше қуаныш құшағына бөледі - студенттер пікірі
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің ІІ курс студенттері Жадыра Әбиева мен Маржан Тәжіқараеваның ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, бүгін Орал қаласында Конституция күнін мерекелеуге студент-жастар да белсене қатысты. Астанадағы әскери шеру адам біткен таңғаларлықтай дәрежеде ұйымдастырылды. Олардың айтуынша, Ата заңның арқасында ел жастары қалаған мамандығы бойынша білім алып, келешегіміздің жарқын болуына өз үлестерін қосып келеді. Мысалы, олардың екеуі де - оқу орнындағы студенттердің ғылыми қоғамының мүшесі. Маңғыстау облысынан білім іздеп келген Жадыра діни бағытта ізденсе, Маржан ақын-жазушылардың шығармаларын саралайды. «Биыл мектептерде дінтану пәні енгізіліп отыр. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені жеткіншек жастарға дұрыс бағыт берілуі керек. Жастарымыз жат әдеттерден қашық болып, имандылық жолына түссе, арман-мақсатына тез жетеді деп ойлаймын», деді Жадыра Әбиева.