17:24, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай жаңалықтар бар?
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде республикамыздың 2009 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық барысы арнайы талқыланды. Мәжілісте Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев биылғы ҰБТ-дағы бірқатар жаңалықтар жайлы айтып берді.
Ж. Түймебаевтың айтуынша, мектеп бітіруші түлектердің және олардың ата-аналарының өтініштері бойынша, биыл ҰБТ жылдағыдай маусымның 1-інен емес, 4-інен басталады және 10-ына дейін жалғасатын болады. Екіншіден, тест тапсырылатын күндердің саны бестен жетіге, яғни екі күнге ұзартылып отыр. Үшіншіден, министрлік бір ағымдағы тест тапсырушылардың санын азайтқан. Мәселен, былтыр бір ағымда 1500-ге дейін адам тест тапсырған болса, биыл бір ағымда асып кеткенде 800 түлек тестке қатысады. Осы жерде ҰБТ-ны тапсыруға берілетін уақыт мөлшері 30 минөтке ұзартылғанын айтып кеткен жөн. Яғни бұған дейін талапкерлерге тест сұрақтарына жауап беру үшін 3 сағат уақыт берілсе, енді 3,5 сағат уақыт бөлінеді. ҰБТ-ға енгізілген сұрақтардың барлығы мектеп бағдарламасынан алынған. Басқа жақтардан немесе ЖОО-ның бағдарламаларынан ешқандай сұрақтар қосылмаған. Министр биыл жұмыс тобы ауқымды іс тындырғанын атап өтті. Республика бойынша 29 қала мен 82 аудан орталықтарында 154 ҰБТ пункттері құрылған. Мұндай тестілеу пунктері 51 ЖОО-ның және 103 аудандық жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істейтін болады. Тестілеу таңғы сағат 9:00-де басталады. ҰБТ өткізілетін барлық 154 пунктте мемлекеттік комиссия құрылған. Жоғары оқу орнының немесе білім беру органының басшылары, я болмаса әкімдіктің өкілдері мемлекеттік комиссияның төрағасы болып табылады. Комиссияның құрамына жергілікті Мәслихаттың депутаттары, әкімдіктер өкілдері, оқу орындарының, облыстық және аудандық білім беру басқармаларының басшылары, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, жастар ұйымдарының, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері еніп отыр. Ж. Түймебаевтың сөзіне қарағанда, 2009 жылы республикамыз бойынша 132 мың 461 түлек мектеп бітіреді. Оның 108 мың 576-сы немесе мектеп бітірушілердің 82 пайызы тест тапсыруға ниет білдірген. Қалғандары аттестат алу үшін емтихан тапсырады. Биылғы түлектердің 65 184-і қазақ, 43 мың 392-сі орыс мектептерінің түлектері. 2 мың 939 түлек «Алтын белгіден» үміткер. Биыл 35 мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранттары бөлініп отыр. ҰБТ 5 пән бойынша жүргізіледі. Олар: қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні (бұл ЖОО-ға түсу кезінде таңдаған мамандыққа деген дайындығын анықтайды), мемлекеттік емес тілде оқитындар үшін қазақ тілі, ал қазақ тілінде оқитындар үшін орыс тілі. Еліміздің Білім туралы заңына сәйкес, мемлекеттік тіл және орыс тілі орта білім туралы аттестат алу үшін ҰБТ-дағы міндетті пәндер болып есептеледі. ЖОО-ға түсушілер үшін кешенді тестілеу 4 пән бойынша жүргізіледі. Олар: математика, ана тілі, Қазақстан тарихы және таңдауы бойынша бір пән (география, физика, биология, химия, қазақ әдебиеті немесе орыс әдебиеті, шет тілі). Әр пән бойынша 25 тест сұрағы беріледі. Мемлекеттік білім беру грантына арналған конкурсқа қатысу немесе ақылы оқуға түсу үшін сертификат балының 45 баллдан (шекті деңгей) төмен болмауы керек. Сондай-ақ профилді пәннен 7 балл, басқа пәндерден 3 баллдан кем болмауы тиіс. ҰБТ-ны қайта тапсыруға рұқсат берілмейді. Ж. Түймебаевтың айтуынша, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша мектеп бітіруші түлектерге орта білім алғаны туралы аттестат немесе сертификат беріледі. ҰБТ-ның нәтижелері 125 баллдық жүйе бойынша және жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады. Баллды бағаға ауыстыруды Министрлік белгілеген шкалаға сәйкес мемлекеттік комиссия жүргізеді. Мектеп бітіруші ҰБТ-ның қорытындысы бойынша екі пәннен «екі» деген баға алатын болса, аттестат алу үшін мектепте дәстүрлі емтихан тапсырады. Алайда ағымдағы жылы жоғары оқу орнына түсе алмайды. Ал егер барлық төрт пәннен де «екі» деген баға алса, оған ағымдағы жылы 11 жылдық мектепте оқыды деген ғана анықтама беріледі. Ал аттестат алу үшін келесі жылы емтихан тапсырады немесе тестке қатысады. Бұл ереже емтиханды қай тілде тапсырса да барлық мектеп бітірушілерге бірдей. Егер ҰБТ кезінде бала ауырып қалатын болса, онда келесі лекке жіберіледі. Келесі лек болмаған жағдайда ауырғаны туралы анықтама негізінде тест тапсыру мәселесі шешіледі. Министрдің айтуынша, ҰБТ мемлекеттік ауқымдағы мәселе. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі жұмыс тобын құрып, өткен жылдардағы ҰБТ кезінде орын алған проблемаларды сараптамадан өткізген. «Биыл аппеляцияға өтініштер, сұрақтың мазмұны және техникалық ақаулар бойынша өтініштер бір мезгілде қабылданады. ҰБТ-да қолданылатын техникалық құралдарды тексеру үшін арнайы бағдарламалар жасалды. Олар емтихан басталар алдында мемлекеттік комиссия мүшелерінің қатысуымен тексеріліп, ақауы жоқ екендігі туралы акті жасалады. Техника жұмыс істемеген жағдайда ауыстырылады. Аппеляциялық өтініштерді республикалық комиссияға жеткізуді жеделдету үшін қосымша арна көзделді», деді министр. Ал ҰБТ-ны өткізу кезінде министрлікте тұрақты түрде штаб жұмыс істейтін болады. Есте болса, былтыр Білім және ғылым министрлігі Алматыда, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ-ның дұрыс жауаптарының коды көрсетілген материалдарды сатқан топтарды ұстаған болатын. Олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәжілістен кейінгі баспасөз мәслихатында Ж. Түймебаев көзбояушылардың «дұрыс емес жауаптарды» таратуының алдын-алу жөнінде жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап көрсетті. «Бұрнағы жылдары дайын жауаптарды сату оқиғалары кездесті. Біз ондай адамдарды ұстап, кілттерді салыстырдық және олар дұрыс жауаптарға сәйкес болмай шықты», деді Ж. Түймебаев. Ал Білім және ғылым министрлігі Баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлік тест тапсырмаларының базасы мен дұрыс жауаптар кодының толық құпиялылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаған. Тест тапсырмалары қатаң түрде мектеп бағдарламасының көлемінде жасалған. Олардың базасына түзетулер енгізіліп, мазмұны бойынша 2008 жылы апелляциялық комиссиялардың шешімімен мектеп бітірушілердің пайдасына шешілген 0,6 пайыз тапсырмалар базадан алынып тасталған. Бұдан бөлек, тест тапсырмаларының базасы жабылған және қаңтардан бастап қатаң құпиялылық режімге енгізілген. Байқап отырсақ, биыл орта мектепті бітіретін 108 мың 576 оқушы ҰБТ-ға қатысып, бақтарын сынамақ. Ал мемлекет тарапынан бөлініп отырған гранттың саны 35 мыңға жуық. Яғни бұл, талапкерлердің 35 пайызға жуығы ғана мемлекеттік білім беру гранты бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие деген сөз. Қалғандары, онда да 125 сұрақтың 45-іне дұрыс жауап берсе, ақылы оқуға мәжбүр. Десек те, «білектің күші емес, білімнің күші» сыналып жатқан қазіргі уақытта еліміздегі ЖОО-на нағыз білімді, талантты, еліміздің ертеңіне қызмет жасайтын жас түлектер түседі деген сенім сол. Олай болса, бақ пен бап қатар шабатын бұл аламанда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың асығының алшысынан түсуіне тілектеспіз!