17:34, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Биылғы Ұлттық халық санағының ерекшелігі
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Маңызды мемлекеттік шараға аз ғана уақыт қалды. Екінші Ұлттық халық санағын өткізуге бәрі әзір - техникалық ресурстар да қамтамасыз етілді, кадр мәселесі де шешілді. Дайындық кезеңі біраз күш-жігерді және ұйымдасқан тірлікті қажет етті. Бұл істе тәжірибе болғанымен, биылғы санақ бәрібір өзгеше болғалы тұр. Қарағанды облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары Владимир Кирдищев

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осынау маңызды шараға әзірлік барысында атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеп берді. - Бұл істен хабар жоқтарға, санақ - тез біте салатын іс көрінеді. Санақшылар келеді де, сауалдар қояды. Бітті. Бірақ, халық санағына дайындық жұмыстары 1 жылдан астамға созылған көрінеді. - Шын мәнінде, дайындық кезеңінде көп жұмыстар атқарылды. Үкіметтің 2007 жылғы қарашаның 28-індегі «Қазақстан Республикасындағы 2009 жылғы ұлттық халық санағы туралы» №1138 қаулысына және Қарағанды облысы әкімдігінің 2008 жылғы наурыздың 25-індегі қаулысына №07/01сәйкес облыста әлі де біраз жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, дайындық шараларының орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылаумен айналысатын халық санағына көмектесу жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Осындай комиссиялар қалалық және аудандық әкімдіктердің, ауылдық және кенттік округтердің жандарынан ашылды. Облыста 1072 адамның мүшелігімен 131 комиссия жұмыс істеуде, олар тұрақты мәжілістер өткізіп тұрады. Комиссия құрамына аудан және қала әкімдері, мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары кіріп отыр. Өткен жылы жоспарланған барлық іс-шаралар орындалды. Аудандар мен елді мекендердің шекаралары нақтыланды, қалалар мен кенттерде, үлкен ауылдарда көшелердің атаулары реттеліп, үйлердің нөмірлері нақтыланды. 147 көшенің атауы, 52 орамның, 4618 үйдің, 10 007 пәтердің нөмірлері реттелді. Қалалардың, үлкен ауылдар мен аудандардың карталары жасалып, схема-жоспарлары нақтыланды, барлық статистика органдары сол карталармен толық қамтамасыз етілді. Ауылдық елді мекендердің және үйлер мен орын-жайлардың тізімдері жасалды. Осынау жұмыстың қорытындысы бойынша санақ жүргізуді ұйымдастыру жоспарлары бекітілді, санақ жүргізу үшін қажетті кадрлардың саны анықталды. Ұйымдастыру жоспарына сәйкес, облыста 139 санақ бөлімі, 1097 нұсқаулық және 4571 санақ учаскелері құрылды. Науқанды өткізуге қажетті кадрлардың саны резервтегі персоналдарды қосқанда ? 6024 адам. Негізгі құрам ? 5571 адам. - Естуімше, адамдарды жұмысқа алуда ешқандай проблема болмапты. Тіпті, санақшы болуға ниеттілер көп болған. - Бүгінгі күнгі жағдай бойынша облыста халық санағы бойынша 20 уәкіл, 139 санақ бөлімінің меңгерушісі жұмыс істейді. 5 пайыздық резервті қосқанда, нұсқаушы-бақылаушылардың штаты да (1097 адам), санақшылар да (4788 адам) толық жасақталып бітті. Санақ бөлімдерінің меңгерушілері өз міндеттерін атқаруға қаңтар айының басында кіріссе, нұсқаушылар ? ақпанның 2-сінде кірісті. Ал санақшылар ақпанның 16-сында жұмыстарын бастағалы отыр. Бұл науқанның басты мақсаты ? халықтың нақты санын біліп қою ғана емес екені баршаға аян. Санақ мәліметтері экономикалық белсенді халықтың санын анықтауға мүмкіндік береді, сол мәліметтердің негізінде ел бюджетінің баптары есептелетін болады. Сондай-ақ, жергілікті еңбекпен қамту қызметтерінің жұмыстарын оңтайландыруға, қажеттілікке байланысты еңбек рыногын жасақтауға мүмкіндік береді, халықтың демографиялық ахуалы туралы да мәліметтер жинақталады. - Сонымен, санақшылар жүктеліп отырған жұмыстар туралы айта кетсеңіз? - Санақ бөлімінің құрамына 8 нұсқаулық учаске кіреді, ал ол учаскенің әрқайсысы өз кезегінде, 4 санақ учаскесін қамтитын болады. Бір санақшыға есептеліп отырған орташа жүктеме ? 297 адам. Санақшылардың еңбекақысы -20-25 мың теңгені құрайтын болады. Санақшылардың жұмысы оңай емес. Олар отбасының әр адамына жеке бланк толтырады. Халық саны ақпанның 24-інен 25-іне қараған түні сағат 24-ке дейінгі жағдай бойынша санаққа алынады. Сондықтан да санақшы пәтерде немесе үйде тұрып жатқан немесе уақытша аялдаған адамдар туралы, санақ жүргізу кезінде үйде болмай шыққан адамдар туралы да мәліметтер жинайды. Санақтың сауалнама түрінде жүргізілетіні, адамдардан ешқандай құжат сұралмайтыны баршаға мәлім. Адамдардың сөзіне ғана сенуге тура келеді. Санақшы өзіне тапсырылған учаскені ең аз дегенде, екі рет аралап шығуы керек. Санақтың алдында, ақпанның 16-сы мен 24-і аралығында алдын-ала аралап шығып, халықты санақ туралы ескертуі, өз учаскесіндегі барлық тұрғын жайлардың толық тізімін жасауы, келесі жолы - толтырылған парақшалармен келу үшін адамдарға қай уақыт ыңғайлы екенін анықтауы керек. Санақшы сауалнаманы «үй ішінде қанша адамның тұратындығы» туралы сауалдан бастайды. Яғни, осы жайда тұратын және ортақ шаруашылықты бірлесіп жүргізетін адамдардың нақты санын анықтайды. Ол адамдардың туыс болуы міндетті емес, сондықтан да «үй іші» деген ұғымның аясы «отбасы» сөзінен кеңдеу болып табылады. Санақшы үйде тұратындардың санын анықтап алғаннан кейін, үй жағдайына байланысты, атап айтқанда, үйдің типі, оның кімнің меншігінде екендігі, қанша бөлме бар екендігі, үйдің жалпы ауданы туралы сауалдар қояды. Содан кейін санақшы үйдегі әрбір адамға 45 сауалдан тұратын санақ парақшасын толтыруға кіріседі, сауалдардың 11-і ? жаңа сұрақтар екенін айта кету керек. - Жаңа сауалдар ? олар қандай сауалдар? - Табыс туралы сауал бар. Бірақ адамдар, алынатын ақпараттың құпиялы екендігіне кепіл берілетінін білгені жөн. Бұл мәлімет тек жалпылама түрде қолданылатын болады. Сондай-ақ қандай компьютерлік бағдарламамен жұмыс істей білесіз, басқа елде тұрдыңыз ба, қай дінді ұстанасыз, ағылшын тілін қай деңгейде білесіз деген сияқты сауалдар тағы бар. - Санақ парақшаларын толтырудағы қателіктерді түзету жұмыстары туралы айта кетсеңіз?- Толық толтырылмаған немесе қате толтырылған санақ парақшаларын анықтау мақсатында наурыздың 10-ы мен 15-і аралығында нұсқаушы-бақылаушы санақшымен бірлесіп халықтың 10 пайызын тағы да бір аралап шығады. - Санақ парақшаларынан басқа толтырылатын қандай қағаздар бар? - Иә. Халықты толық қамту үшін және мәліметтер қайталанбас үшін толтырылатын бақылаушы парақ бар. Мұқаба парақша бар, ол санақшыға алдын-ала қорытынды шығару үшін қажет. 9-49 жастың аралығындағы сауатсыздар туралы парақша тағы бар - ол еліміздегі сауатсыз халықтың үлесін анықтауға арналған. 100-ге келген және одан асқан қарттарға арналған жеке парақша бар, бұл мәліметтер геронтология саласындағы ғалымдарға беріледі. Санақтан өткен адамдардың барлығына, мәліметтер қайталанбас үшін, арнайы анықтама қағаз беріледі. - Адамдар, санақшының аттарын жамылып, алаяқтар келуі мүмкін, деп қорқып отыр. Оған қоса, санақшы кадрлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, Сіздер қандай істер атқарып жатырсыздар? - Біріншіден, санақшылар қолдарына көк түсті портфель ұстайды, мойындарына ұлтық санақтың логотиптері бар көк түсті шарф байлайды. Екіншіден, олардан құжаттар сұрау керек: санақшыларда жеке бастарын куәландыратын куәлікпен қоса, санақ логотипі бар, аудан әкімі, облыстық статистика басқармасы қол қойған және тиісті мөрлермен расталған куәлік қоса болуы керек. Ал санақшылардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз ететін болады, оған қоса олардың қолдарына қолшамдар мен ысқырықтар беріледі. - Қазақстанның азаматтығы жоқ адамдар да санақпен қамтылады ма? - Халық санағы, науқан кезінде еліміздің аумағында тұрып жатқан барлық адамдарды қамтиды, мейлі олар біздің еліміздің азаматты болмаса да. Айтпақшы, стационарлық санақ қосындары вокзалдарда да ұйымдастырылып отыр. Вокзал қызметкерлерінің қатарынан кадрлар іріктеліп, санақ жұмыстарына үйретілді. Ақпанның 24-інен 25-іне қараған түні сағат 00.00-ден 03.00-ке дейінгі аралықта жолға шыққандардың барлығы санаққа алынады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар «қай жерде санақтан өту керек» деген сауалдар қойып жатыр. Бұл санаттағы адамдар отбасылары тұратын жерлерде санаққа алынатын болады. Ал әскер қатарындағылар немесе түзету мекемелерінде жазаларын өтеп жатқандар қазіргі орын-жайларында санақпен қамтылады. - Сұхбатыңызға рахмет.