Биылғы Жолдаудың ерекшелігі - елді модернизациялау жолындағы бірқатар нақты мәселені шешуге басымдық жасалғандығында
Биылғы бағдарламалық құжаттың негізгі ерекшелігі - елді модернизациялау жолындағы бірқатар нақты мәселені шешуге басымдық жасалғандығында. Бұл, өз кезегінде, тәуелсіз Қазақстан дамуының сапалық тұрғыдан жаңа сатысының басталуына байланысты. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауы тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, профессор Зарема Шаукенованың айтуынша, Жолдауда мемлекет өмірінің барлық салалары жан-жақты қамтылып, жүзеге асырылатын нақты міндеттер анықталған, егжей-тегжейлі жоспарлар ұсынылған, жетілдіру шараларына ерекше мән берілген, сонымен қатар биыл да идеология сұрақтары маңызды орын алған. "Кейбір сарапшылар Жолдаудың тереңдігіне мән бермей, бағалылығын түсінбей оны сайлау алды науқан, не жетістіктердің есебі деп артық айтуда. Шын мәнінде Елбасы бізге, халыққа ұлт жұмыла кірісуі керек, ең бастысы - ішкі механизмдерді қабілет пен қарымдылықты, бәсекелестікті, ұлттық күшті дамытуы керек деген нақты сигналдарды берді",-деп атап өтті.
Ол сонымен қатар: "Биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы басты маңызды оқиға ретінде аталып отырғандығы тегіннен тегін емес, ол барлық қазақстандықтарды болашақ үшін, елдің гүлденуі үшін бірігуге шақырады",-деді. Оның пікірінше, Елбасы саяси жүйені мықты механизм ретінде жұмыс істеу үшін жаңа сатыға, жаңа деңгейге көтеруде.
Ғылыми форумға ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік және тәуелсіз ғылыми-талдау құрылымдарының жетекші сарапшылары, Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының оқытушылары қатысты.