Биылғы жылдың соңына дейін ауылдық аймақтарда 6,7 мың әлеуметтік сала мамандары жұмысқа қабылданады - Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. Қарашаның 26-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың қараша айының 1-дегі мәліметтер бойынша   еліміздің ауылдық аймақтарына жыл басынан бері  5 мың 287 маман барған.
None
None

Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекет бюджетінен жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бүгін журналистермен болған брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл аймақтары комитеті төрағасының орынбасары Михайл Трощихин осылай  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның сөзіне қарағанда, соңғы уақытта еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі ұлғайды. Бұл өсім тіпті ауылдық аймақтарда да көрініс тапты.

2005 жылдан бастап, ауылдық аймақтағы жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 73 мың 330 теңге болса, 2008 жылы оның көлемі 178 мыңға жетті. «Біз айналасы екі-үш жылдың көлемінде ауыл тұрғындарының кірісін 100 мың теңгеге дейін өсіре алдық. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Алайда ауылдық аймақтарда педагогтар мен дәрігерлер және спорт, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері жетіспейтіндіктен жастар ауылдық аймақтарда қалудан бас тартып отыр және бұл заңды құбылыс. Бала-шағасының оқитын орны жоқ болса немесе оларға сауатсыз біреу білім беретін болса, оған кім көнеді», деді М.Трощихин.

 Аталмыш мәселеге орай Мемлекет басшысының  тапсырмасы негізінде арнайы заң қабылданды. Құжат ауылдық аймақтарға барып еңбек етуге ниеттенген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер жасауды қарастырады. «Бұл ретте біз әрине жастарға үміт артып отырмыз. Дегенмен бұл ауылға жастардың қатарында жоқ азаматтарға келуге болмайды деген сөз емес. Ең бастысы, маман білікті болса болғаны. Жеңілдік оларға да жасалады. Сондай-ақ біз ауылға келем деушілерге мәслихаттар арқылы да жеңілдік шараларын қарастырып отырмыз», деді министрлік өкілі.

 Оның мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылдың соңына дейін ауылдық аймақтарда 6,7 мың әлеуметтік сала мамандары қабылданбақ. Бұл бағытқа  600 миллион теңге қаржы жұмсалатын болады.

Соңғы жаңалықтар