Биылғы жылдың үш айында акцизделетін тауарларға қатысты қылмыстар саны 38,5 пайызға артып отыр ? қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың үш айында еліміздегі акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қатысты 117 қылмыстық іс қозғалды.
Былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде бұл қылмыстар республикада небәрі 72-ні құраған. Яғни қылмыстың өсімі 38,5 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, тиісті заңнамаға сәйкес, акцизделетін тауарлардың қатарына спирттің барлық түрлері, алкоголь және темекі өнімдері, шикі мұнай мен газ конденсаты, бензин мен дизельдік жағармай, сондай-ақ автомобильдер жатады. Ал акциз жаппай сұранысқа ие тауарларға салынатын жанама салық түрі болып табылады. «Сондықтан да акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымы мемлекетке орасан зор шығын келтіреді», дейді ресми өкіл.Оның мәліметтері бойынша, акцизделетін тауарлардың ішінде әсіресе шикі мұнай мен жанар-жағармайдан келетін шығын аса зор. Ал біз осы жылдың үш айында заңсыз айналымнан құны 13 миллион 800 мың теңгені құрайтын мұнай өнімдерін алдық. Оның 8 миллион 600 мың теңгесі тәркіленді. «Бұл іс бойынша нақты мысалдар келтіретін болсақ, қазіргі таңда Маңғыстау облысында «ӘлемТрансОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атынан белгісіз біреулердің құны 100 миллион теңгеден асатын 57 вагонды алып өту фактісіне байланысты қылмыстық іс қаралуда. Олар декларация бойынша шикі мұнайды «мұнайдың сұйық битумды компоненті» деп рәсімдеп, оны Ақтау теңіз сауда айлағы арқылы алып шыққан», деді М.Жұманбай.